Биылғы 3-тоқсанда табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейінен төмен халықтың басым үлесі ОҚО мен СҚО-да

АСТАНА. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат - Үй шаруашылықтарын зерттеу деректері бойынша Қазақстан Республикасындағы табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасынан төмен халықтың үлесі 2013 жылдың 3 тоқсанында 3,1% (533,2 мың адамды) құрады, бұл өткен жылғы тиісті кезеңнен 0,9 пайыздық тармаққа төмен. Бұл туралы бүгін ҚР Статистика агенттігінің мәліметтерінде хабарланды.

Табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейінен төмен ауылдық жердегі халықтың үлесі табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейінен төмен қалалық жердегі халықтың үлесінен 3,5 есеге артып, 5,2% (396,7 мың адамды) құрады.

2013 жылдың 3 тоқсанында табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейінен төмен халықтың басым үлесі Оңтүстік Қазақстан (7,8%), Солтүстік Қазақстан (4,2%) облыстарына келеді, ең аз үлесі Астана (1,0%), Алматы (0,9%) қалаларына.

Халықтың табыстары мен шығыстарының бөлінуін квантильдік топтар (децильдік немесе квинтильдік) бойынша көрсеткіштер анық көрсетеді. 2013 жылдың үшінші тоқсанында 2012 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 1 және 10 децильдер арасындағы табыстардың айырмашылығы 3-6 децильдердің пайдасына қысқарды.

«Үй шаруашылықтарының ақшалай шығыстары олардың материалдық қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Халықтың шығыстары мен тұтынуы децильдік бөлу кезінде табыстар сияқты айтарлықтай саралануды көрсетеді. Сонымен, мысалы, 2013 жылдың 3 тоқсанында 10% ең аз және 10% ең көп қамтамасыз етілген халықтың азық-түлік тауарларына жұмсаған шығыстары арасындағы айырмашылық 4,3 есені, азық-түлік емес тауарларға - 5,6 есені, ал ақылы қызметтерге 8,3 есені құрады, бұл ретте шығыстардағы ең жоғары айырмашылық кредитті және қарызды жабуға (35,7 есе), үйден тыс жерде тамақтану (14 есе), туыстар мен таныстарға материалдық көмек көрсетуге (12 есе) келеді»,-делінген агенттік мәліметінде.