Биылғы 5 айда прокуратура органдарына 120 мыңнан астам өтініш келіп түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы жылы прокуратура органдарына келіп түскен өтініштер былтырмен салыстырғанда 7 пайызға артық.

Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Бас прокуратурасы Арыз-шағымдарды қарау туралы заңдардың қолданылуына қадағалау және іс жүргізу басқармасының басшысы Ләззат Жанысова мәлім етті.

«Биылғы 5 айда прокуратура органдарына 121 мың 606 өтініш келіп түсті. Бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңге қарағанда 7 пайызға жоғары. Соның ішінде Бас прокуратураға 15 мың 234 өтініш келді», - деді ол.

Оның сөзінше, көбінесе адамдар қылмыстық қудалау органдарының әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне және актілеріне шағымданған. Бұл көрсеткіш 41 пайызды қамтып отыр. 29 пайызы әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылық мәселесіне қатысты болса, 24 пайызы сот актілерінің заңдылығы мен олардың орындалу шараларына байланысты болды.