Биылғы 7 айда мемлекеттік бақылау заңнамасын бұзған 370 лауазым иелері жауапкершілікке тартылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде тексеру жүргізуде мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы заңнама талаптарының мүлтіксіз сақталуын қадағалауды қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар одан әрі жалғасын табуда.

Ағымдағы жылдың 7 айында тіркелген тексерулердің жалпы саны өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға өскені байқалды (60 709-дан 66 765-ке).

Сондай-ақ, кәсіпкерлерді тексеру саны да 8 пайызға артты (25 855-тен 28 005-ке).

«Бұл былтырғы жылы шағын және орта бизнеске жарияланған мораторийдің аяқталуына байланысты болып отыр.Тексерілетін субъектілердің қызметіне заңсыз араласудан қорғау мақсатында Комитет 599 (1 053) тексеру тағайындау актісін тіркеуден бас тартса, оның 299-ы (539) жеке кәсіпкерлерге қатысты болып отыр. Сондай-ақ, осы мерізім ішінде 434 (238) заңсыз тексеру анықталса, оның 189-ы (96) жеке кәсіпкерлерге қатысты болды», - делінген комитет мәліметінде.

Мемлекеттік органдар бөлігінде тексеруді тіркеуден бас тартудың басым бөлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау(СЭС) (107), салық қызметі (72), әкімшілік (63), өртке қарсы қызмет (59), еңбек инспециясы (54) үлесінде.

Аталған мерзімде мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы заңнаманың талаптарын бұзғаны үшін қолданылған прокурорлық ықпал ету шараларымен мемлекеттік органдардың 370 лауазымды адамдары заңмен қаралған жауапкершіліктерге тартылған.