Биылғы 9 айда Қазақстан мен Сербия арасындағы сауда көлемі 52,9 млн долларға жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Белград қаласында Қазақстан мен Сербия сыртқы саяси ведомстволарының сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтықтақтастықты кеңейтуге бағытталған кеңесі өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазақстан мен Сербия тараптары күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады, сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген ортақ ниеттің бар екенін растады. Сонымен қатар, көпжақты форматтағы өзара іс-қимыл мен халықаралық мәселелерге ерекше назар аударылды.

Сербия Қазақстанның Балқан өңіріндегі маңызды серіктесі болып табылады. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда айналымы 52,9 млн долларға жетті. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 3,7 есеге артық. Қазақстанда серб капиталының қатысуымен 36 кәсіпорын жұмыс істейді», - делінген министрліктің мәлімдемесінде.

Аталған кездесуде тараптар келешегі зор ауыл шаруашылығы, туризм, энергетика мен әскери-техникалық саладағы ынтымақтастықты одан әрі арттыруға негізделген жұмыстарды қолға алуға ниет білдірді.