Биылғы 9 айдың ішінде 4,6 млн шаршы метр тұрғын үй салынды - Өңірлік даму министрлігі

АСТАНА. 22 қазан. ҚазАқпарат - "Қолжетімді тұрғын үй - 2020" бағдарламасын іске асыру негізінде құрылыс қарқынының өсуі байқалады.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

Биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі өткен жылдан төмен болса, 9 айдың қорытындысында олқылықтың орны толтырылып, 4,6 млн шаршы метр немесе өткен жылдың ұқсас кезеңіне тең көлемде тұрғын үй салынған.

«Жылдық жоспардың 69 % орындалды (жоспар 6,6 млн шаршы метр). Осы қарқын биыл өткен жылғыдан артық салуға және 6,8 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруге мүмкіндік туғызады», - деді Қ. Өскенбаев.

Оның мәліметінше, пайдалануға берілген тұрғын үйдің 59 %-ы немесе 2,7 млн шаршы метрі жеке тұрғын үй құрылысының үлесіне тиесілі. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға артық. Жалпы республика бойынша пайдалануға 36864 бірлік тұрғын жай берілді, оның 18148-і жеке тұрғын үй құрылысы екен. Ал мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындар мен ұйымдар 9 айдың ішінде 524,9 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берген.