Биылғы ақпанда халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы табысы 52 231 теңгені құрады

АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат - 2013 жылғы ақпанда халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары алдын ала берілген деректер бойынша 52 231 теңгені құрап, 2012 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 9,4%-ға артты.

Нақты ақшалай табыстар 2,2%-ға өсті. Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінің мәліметтерінде хабарланды.

2013 жылғы ақпанда орташа жан басына шаққандағы ақшалай табыстардың көлемі бойынша Атырау облысы, Алматы және Астана қалалары алдыңғы қатарда, мұнда осы көрсеткіш орташа республикалық деңгейден 2,3 -1,6 есеге артық.

«2013 жылғы ақпанда табыстары ең төмен өңірлер қатарында Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары белгіленді, осы өңірлерде халықтың табыс мөлшері республикалық деңгейден 61,3%-дан 81,9%-ға дейін құрады. Сонымен бірге, халықтың нақты ақшалай табыстарының ең көп өсу қарқыны Алматы және Маңғыстау облыстарында белгіленді»,-делінген агенттіктің деректерінде.

2013 жылғы ақпанда өңірлер бойынша атаулы ақшалай табыстардың ең жоғары және ең төмен мөлшерлері арасындағы арақатынас 3,7 есені құрады (2012 жылғы ақпанда - 3,8 есе).