Биылғы астық сапасы біршама жоғары - ҚР АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы Қазақстан бункерлік салмақта 17 млн. тонна астық бастырады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сақташ Қасенов мәлім етті.

«Өткен жылға қарағанда, астықтың сапасы біршама жақсы. Қазір элеваторларымызға 1700 тонна астық тапсырылған. Оның 85-90 пайызы үшінші санатқа жатады»,- деді С.Қасенов.

Комитет төрағасының атап өтуінше, дегенмен ағымдағы жылы өткен жылмен салыстырғанда егін шығымы гектарына 1,2 центнерге төмен болып отыр. Тек 3 облыста ғана астық шығымы біршама жоғары болды.

«Солтүстік Қазақстанда гектарына 17,7, Ақмола облысында 11,7, Қостанай облысында 10 центнерден астық алынуда. Осы деректерді ескерер болсақ, бұған дейін мәлім еткеніміздей, биыл 17 млн. тонна астық алатын мүмкіндігіміз бар», - деді ол.