Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков айтты.
«Биыл астық сақтау қоймаларының сыйымдылығы жоспарланған өнім көлеміне сай келеді. Сондықтан осы жылы сақтау қоймаларының жетіспеушілігі бойынша проблемалар байқала қойған жоқ. Қазіргі уақытта өндірілген 12 млн. тоннадан астам астықтың тек 2 млн. тоннасы ғана элеваторлар мен астық сақтау қоймаларына жеткізілді»,-деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, қалған астық құрғақ болуына байланысты ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қоймаларында және қырмандарда сақталуда.
«Қазіргі кезде елімізде сыйымдылығы 14 млн. тоннаға жуық астық қабылдау кәсіпорындары жұмыс істейді. Олардың саны бүгінде 214-ке жетті. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінде өздерінің 11 млн. тоннаға дейін астық сақтау сыйымдылықтары бар. Яғни, бұл Қазақстанда жалпы 25 млн. тонна көлемінде астық сақтау қоймалары бар екенін көрсетеді»,-деді министр.