Биылғы бес айда 94 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алды

АСТАНА. ҚазАқпарат – 1 маусымдағы жағдай бойынша 94,4 мың адам жұмысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алды. Оның 81,7 мыңына төлем алғаш рет тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:

- eGov.kz порталында авторизациялану;

- «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;

- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;

- бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі халықты жұмыспен қамту орталығы (бұдан әрі – ХЖҚО) бос жұмыс орындарын ұсынады;

- егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге ХЖҚО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады).

Бұл қызметті онлайн режимде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын іске асыру мақсатында 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жоғалған табысты алмастыру коэффициенті 40%-дан 45%-ға дейін ұлғайтылды.