Биылғы бес айда баспана саудасында 58 мыңнан астам келісім жасалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылғы қаңтар-мамырда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 58 526 құрады. Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінен хабарланды.

Атап айтқанда, 2014 жылғы мамырда еліміз бойынша тұрғын үйді сатып алу-сатуда тіркелген келісімдер саны 11 971-ні құрады. Бұл көрсеткіш өткен аймен салыстырғанда 9,2 пайызға азайды.

«2014 жылғы қаңтар-мамырда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 14,2 пайызға төмендеді», - делінген агенттік мәліметінде.

Өткен айда тұрғын үй саудасындағы келісімдердің басым бөлігі Алматы қаласында (1 504), ШҚО-да (1 263), Қарағанды облысында (1 213), Алматы облысында (1 069) және ОҚО-да (1 047) тіркелді. Осы мерзімде Астанадағы шарттардың саны 661-ді құрады.