Биылғы болжам бойынша ЖІӨ көлемі 41 трлн.-нан асады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы жалпы ішкі өнім көлемі 41 307,6 млрд. теңге көлемінде болады деп болжанып отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ерболат Мұқаев мәлім етті.

«2015 жылы болжам бойынша, жалпы ішкі өнім көлемі 41 307,6 млрд. теңге көлемінде болады. Бұл алдыңғы болжаммен салыстырғанда 2 413,7 млрд. теңгеге төмен», - деді ол.

Оның айтуынша, биылғы жылы жалпы ішкі өнім өсімі 1,5 пайыз деңгейінде бағаланып отыр. Бұл бұрын болжанған деңгейден 3,3 пайыздық тармаққа төмен. Сондай-ақ, алдын ала болжамға сәйкес 2016 жылы 2,3, ал 2017 жылы 3,4 пайыз көлемінде болады. «Болжамдарға сәйкес мұнай өндіру 2015 жылы 80,5 млн. тонна, 2016 жылы 80,8 млн. тонна, 2017 жылы 86 млн. тонна, 2018 жылы 90 млн. тонна, ал 2019 жылы 93 млн. тоннаны құрайды», - деді сенатор.