13:32, 26 Наурыз 2009
Биылғы егіс алқабы 21 млн. гектар жерді құрайтын болады ? А. Буць
АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылы республика бойынша егіс алқаптары 21 млн. гектар жерді құрайтын болады.
Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен алқа мәжілісінде Жер өңдеу және фитосанитарлық қауіпсіздік департаментінің директоры Анна Буць мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биылғы мәліметтерге сәйкес республикамыздағы жалпы егіс алқаптарының көлемі 21 млн. гектарды құрап, 1,1 млн. гектарға көбеймек. Бұл негізінен астық дақылдарын 0,4 млн. гектарға, жемшөптік дақылдарды 0,7 млн. гектарға артық егуге қатысты болып отыр. Бұдан басқа, астық және бұршақ дәнділер 16,6 млн. гектарды, майлы өсімдік дақылдары алқабы 825 мың гектарды құраса, бұлардың ішінде жаздық егіс - 17,7 млн. гектар», - деді А. Буць.
Оның айтуынша, мемлекет тарапынан агротехникалық жұмыстарды атқару үшін қолайлы жағдайлар қамтылып, субсидиялар мөлшері нақтыланған. Ұлттық қордан бөлінген қаражаттар арқылы көктемгі егістік шараларын несиелендіру жұмыстары да қолға алынып отыр. «Дегенмен, мемлекеттік қолдаудың артып отырғанына қарамастан, қант қызылшасы секілді қажетті дақылдарды егу ауқымы қысқарып, 16 мың гектарға дейін төмендеген. Атап айтқанда, қант қызылшасын егу Алматы облысы бойынша 5,3 гектарға дейін қысқартылатыны байқалады. Сонымен қатар, 2009 жылы негізсіз түрде майлы дақылдар егісі де 81 мың гектарға дейін кемитін түрі бар», - деді Департамент директоры.