«Әлемдік экономика өсімінің баяулауына қарамастан, Қазақстанның Жалпы ішкі өнімі қаңтар-қарашада 6 пайызға өсті. Жалпы алғанда бұл біздің болжамдарға сәйкес келеді», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, экономиканың өсіміне тұрақты макроэкономикалық жағдай ықпал етті. Ағымдағы жылдың қарашасында 2012 жылдың сәйкес айымен салыстырғанда инфляция 4,7 пайызды құрады.
Атап айтқанда, 2013 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 5 пайыз болады деп күтілуде.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 11 айда 2,9 пайызға өсті. Құрылысқа тартылған инвестициялар 254,2 миллиард теңгені құрап, 13,8 пайызға артты.