Биылғы «Фараби оқулары» ЮНЕСКО аясындағы Яссауи жылына және Түрксой жариялаған Жүсіп Баласағұн жылына арналды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде III Халықаралық Фараби оқулары аясында «Әл-Фараби және қазіргі заман» атты Халықаралық Фараби форумы басталды.

Ауқымды ғылыми шараға Франция, Иран, Ресей, Ұлыбритания, Түркиядан ғалымдар келді.

Шетелдік қонақтар университет аймағында орналасқан ұлы ғалымның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
«Фараби оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы әл-Фараби мұралары мен оның заманауи қоғам дамуындағы рухани, тарихи философиялық және дәстүр мен ғылыми негіздерінің сабақтастықтарын, ғылым мен білім берудің интеграциясын қамтамасыз етуді, университеттердің инновациялық ғылыми-білім беру үдерісін жетілдіруді зерттейтін отандық және шет елдік ғалымдарды біріктірді.

Биыл үшінші рет өткізілгелі отырған «Фараби оқулары» Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына, ЮНЕСКО аясындағы Яссауи жылына және Түрксой жариялаған Жүсіп Баласағұн жылына арналды.

«Егеменді дамудың 25 жылында барша Қазақстанды біріктіретін басты құндылықтар жасалды. Бұл құндылықтар уақыт сынынан өткен қазақстандық жол тәжірибесі екені рас. Шығыстың ұлы ойшылдарының әділетке негізделген идеялары мен қазақ халқының бақытты өмірі, Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы болашақта өз жалғасын табатынына сенеміз. Әл-Фараби - осы құндылықтардың басында тұрған ұлы ғалым. Бүкіл адамзаттық ойлауды паш еткен, әлеуметтік, гуманитарлық ғылымдарды жүйелеуге үлес қосқан дарын идеясы. Мына конференциямызға алыс жақын шетелден ғалымдардың жиналуы оның қандай биік тұлға болғанын көрсетеді», - деді университет ректоры Ғалым Мұтанов.

Айта кету керек, ІІІ халқаралық Фараби оқулары 10 күндігі барысында ғылымның әр салалары бойынша ғылыми-теориялық, ғылыми‐практикалық, ғылыми-әдістемелік онлайн конференциялар, халықаралық студенттік форум, дөңгелек үстелдер мен семинарлар, «Фараби әлемі» атты студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық конференциясы, Инновациялық жобалар байқауы өткізіліп, Ғылым күні мерекеленеді.

Форум барысында Түркиялық мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Бекір Қарлығаның «әл-Фараби өркениет философы» деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген кітабының тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты.

Сонымен қатар, келген делегаттар Жамбыл облысы, Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан мәдени-тарихи ескерткіштермен шетелдік қонақтарды таныстыру мақсатында «Түркі өркениетінің бесігі» атты мәдени-этнографиялық турға сапар шекпек.