Биылғы қараша айында баға былтырғыға қарағанда 3,4 пайызға өсті - Статистика

АСТАНА. 3 желтоқсан. ҚазАқпарат - 2013 жылғы қарашада азық-түлік тауарларының бағасы 2012 жылғы қарашамен салыстырғанда 3,4 пайызға өсті.

ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2013 жылғы қарашада 2012 жылғы тиісті аймен салыстырғанда баға макарон өнімдеріне 6,8 пайыз, балық және теңіз өнімдеріне - 4,7 пайыз, сүт өнімдеріне - 4,5 пайыз, кофе, шай және какаоға - 3,9 пайыз, тоқаш және ұн өнімдеріне - 3,4 пайыз, ұнға - 3,1 пайызға, алкогольді ішімдіктерге, кондитерлік өнімдерге - 3 пайыздан, нанға - 1,4 пайызға, май және тоң майға 1,2 пайызға өскен. Бұл ретте бағаның төмендеуі жармаларға 6,3 пайызды, қантқа 2,6 пайызды құраған.

Бұдан бөлек, аталған кезеңде ет және ет өнімдері бағасының өсімі 2,6 пайызды құрады. Шұжық өнімдеріне баға деңгейі 4 пайыз, жылқы етіне - 3,9 пайыз, қой етіне - 2,8 пайыз, сиыр етіне - 2,5 пайыз, шошқа етіне 2,4 пайызға жоғары болды, ал құс етіне керісінше 0,3 пайызға төмендеген.