Биылғы қасиетті Рамазан айының бірінші күні бекітілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде 2014 жылдың 28 маусымы - қасиетті Рамазан айының бірінші күні болып бекітілді.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен өткен төралқада Рамазан айына дайындық жұмыстары пысықталды. Бас мүфти сауабы еселеніп берілетін қасиетті айда қайырымдылық акцияларын көбірек ұйымдастыруды мамдардың қаперіне салды, деп хабарлайды www.muftyat.kz.

Еліміздегі мешіттер мен медреселерде Рамазан айы жоғары деңгейде өткізілмек. Қоғамдық көліктерге, қоғамдық орындарға, сауда үйлеріне баннер мен билбордтар ілінеді. Сонымен қатар, қасиетті Қадір түні кешінде арнайы ғибратты шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Қалалық автобустарда қасиетті айдың құрметіне тегін жүру акцияларын жүзеге асыру да көзделуде.

«Рамазан - мұсылмандардың ауызбіршілігін арттыратын, өзара бауырмашылдығын нығайтатын қасиетті ай. Мүбәрак айды жоғары деңгейде өткізуге бәріміз атсалысуымыз қажет», - деді Ержан қажы Малғажыұлы.