Биылғы көктем-жаз маусымында қандай түстер сәнде болады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2023 жылдың көктем-жазында тренд түстердің көпшілігі өте ашық және қанық болады. Бұл туралы қазақстандық дизайнерлер айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Pantone Color Institute мәліметінше, осы жылдың трендіне 18-1750 нөмірлі күлгін астары бар таңқурай түсі болады. Оның ресми атауы - Viva Magenta.

Фото: Pantone

«Жалпы, түстерді таңдауда ешқандай шектеу жоқ, бірақ Pantone нұсқасы бойынша таңқурай - Viva Magenta - жыл түсі болды. Бірақ бұл түстер барлық киімге жарамайды, түстерді ассортиментке байланысты таңдау керек деп ойлаймын. Егер бұл кэжуал (casual) болса, тыныштандыратын түстерді таңдаған дұрыс, егер бұл кешкі сән болса, қазір ашық реңктер трендте», - дейді танымал қазақстандық сәнгер, дизайнер Наиль Байкучуков.

Алматыда өтіп жатқан Қазақстан сән апталығының 32-ші маусымында дизайнер қыздарға ашық түсті таңдауға кеңес берді.

«Қыз-келіншектерге ашық, жылы түстерді таңдауға кеңес берер едім. Яғни көкшіл, зәйтүн, ашық күлгін түстер», - деді Наиль Байкучуков.

Дизайнер Аида Қауменова да қазір қызыл реңк трендте екенін тілге тиек етті.

«Сәннің әлеуметтік болмыс екенін атап өткім келеді. Алдымен сіз Pantone түс институтының кеңесіне құлақ асасыз, содан кейін еуропалық дизайнерлердің топтамаларын қарайсыз. Қазір ең сәнді түс - Viva Magenta. Оны Pantone институты ұсынып қана қойған жоқ, ол әлемдік зерттеулермен айналысады. Бұл түс, әрине, менің коллекциямда болады, алайда ешкім нәзік, ақ, ақшыл түстерді алып тастаған жоқ. Матаның текстурасына келсек, пайеткалы мата өзекті бола бастады, ол түрлі жеңіл маталармен, шифонмен, тормен өте әдемі үйлеседі», - дейді сәнгер.

Қазақстандық дизайнер Назым Қарпықова биыл қызғылт түстің барлық реңктері сәнге айналғанын атап өтті.

Бірақ өз коллекциясында көктемгі түстерді көбірек пайдаланады: жасыл және сары.

Сонымен қатар, дизайнер қазір жастардың қай стильді көбірек таңдайтынын айтты.

«Қазір жастар панк стилін жақсы көреді. Бұл стрит стайл стиліне, яғни кең, жеңіл киімдерге ұқсайды. Олар кең костюмдер мен шалбарларды жақсы көреді. Бұл сән Азиядан келген сияқты», - деді ол.

Ал, дизайнер Ерлан Жолдасбек биыл көк пен қара түстер де трендте екенін айтады.