Биылғы оқу жылы Ақмола облысында дәстүрлі форматта өтеді

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Биылғы оқу жылы дәстүрлі форматта өтеді. Сабақтың ұзақтығы 45 минутқа созылады. Ал, аптадағы оқу күндерінің санын мектептер өздері анықтайтын болады. Бұл туралы брифингіде Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысының орынбасары атап өткендей, биылғы оқу жылы санитарлық-гигеналық талаптарға сай дәстүрлі форматта өтеді.

«Өздеріңіз білетіндей биылғы 1 қыркүйекте бірінші сынып оқушыларына арналған шаралар өтеді. Онда ең кішкентай оқушыларға арналған алғашқы оқулық беріледі. 2-11 сыныптар үшін бірінші оқу күні сынып сағаты форматында ұйымдастырылады», - деп атап өтті В.Гамазов.

Оның айтуынша, мектептердегі сабақ дәстүрлі 45 минуттық форматқа оралады.

«Өткен жылы сабақ ұзақтығы 40 минутты құрады. Биыл қайтадан 45 минуттық форматқа ораламыз. Бес күндік немесе алты күндік оқу аптасы туралы мәселені әрбір мектеп өзінің жұмыс жүктемесіне қарай өз бетінше шешетін болады. Оқу жоспарлары өзгереді. Мысалы, факультатив саны азаяды. Мектептердің оқу жоспарын таңдауға құқығы бар. Бірақ тұтастай алғанда, біз оқушыға жүктеменің төмендеу тенденциясын атап өтеміз, яғни жеке пәндер бойынша қысқарту. Бұл ретте қысқарту оқытудың факультативтік бөлігіне ғана қатысты болады», - деп толықтырды В.Гамазов.

Айта кетсек, биыл жаңа оқу жылында облыстың 552 мектебіне 130 мыңнан астам оқушы барады, олардың 13659-ы бірінші сынып оқушылары.