Биылғы Съезде бейбітшілік жолында дін өкілдері мен саяси қайраткерлердің диалогына ерекше мән беріледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі заманғы халықаралық ахуалдың ерекшеліктеріне байланысты әлемдік қоғамдастық әлеуметтік-мәдени ұйымдармен диалогтың қажеттілігін мойындап отыр. Дінаралық диалогты ұйымдастыруға ұмтылыс басқа да көптеген елдерде бар екенін атап өту қажет. Дегенмен осындай форумдар бастамашыларының бірде-бірі осы кезге дейін Қазақстан секілді осынша құрамдағы әлемдік және дәстүрлі діндердің ең беделді басшыларының басын қоса алған жоқ. Сондықтан да Астанада үш жылда бір рет өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі бүкіл әлем қоғамдастығының назарын аударып отырған бірегей оқиға деп айтсақ қателеспейміз. Барған сайын көрнекті сипат алып, бүкіл әлемдік танымалдыққа ие бола отырып, Съезд ең жоғары деңгейде өркениетаралық, мәдениетаралық диалогтың дамуына барған сайын елеулі үлес қосатын болады.

Осы орайда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Ертас Мұратбеков алдағы айтулы шараға байланысты өз ойларымен бөлісті.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі әлем рухани-адамгершілік құндылықтар дағдарысының кезеңін басынан өткеруде. Осы тұрғыда мемлекет басшыларының, халықаралық ұйымдардың диалогы, сондай-ақ өркениеттердің өзара іс-қимылы өзекті проблема болып табылады.

«БҰҰ Бас Ассамблеясы 1998 жылдың қарашасында өзінің 53/22 қарарында 2001 жылды «Өркениеттер арасындағы диалог жылы» деп бекер таңдаған жоқ. Қазіргі кезде өркениеттер диалогын іске асыруда көптеген мемлекеттер, өңірлік және халықаралық ұйымдар өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы да әлемдік диалог алаңдарының бастамашысы, қатысушысы және модераторы болып табылады. Мәселен 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға, кейін 2011жылы ИЫҰ-ға төрағалық етуі еуропалық және азиялық ұйымдардың күнтәртібіндегі мәселелерді үйлестіруге мүмкіндік берді»,-деп атап өтті Е. Мұратбеков.

Бұл тұрғыда осындай ұйымдар құрылымының ерекшеліктері мен мандаттары көптеген мәселелер бойынша диалог жүргізу үшін мүмкіндік тудыратыны анық. Сонымен қатар Қазақстанның географиялық және саяси жағдайы Шығыс пен Батыс арасында байланыстырушы рөлін тиімді атқартып отыр.

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы директорының сөзінше, Қазақстан халықаралық дінаралық және этникаралық диалогты алға жылжытудың белсенді жақтаушысы мен бастамашыларының бірі ретіндегі имиджін баяғыдан иемденіп отыр.

«Қоғамдағы тұрақтылық пен жасампаздық атмосферасын, өзара келісімді қамтамасыз ететін Қазақстанда қалыптасқан этностар мен діндердің өзара іс-қимылының тұрақты моделі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін құру туралы бастамасын дамытуға мүмкіндік берді»,-деп тоқталды орталық басшысы.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алғашқы съезі Н.Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылғы 23-24 қыркүйек күндері Астанада өтті. Астанадағы алғашқы діни форумның жұмысына ислам, христандық, иудаизм, синтоизм, индуизм, буддизм діндерінің ең беделді өкілдері қатысты. Форумда негізінен лаңкестік пен экстремизмге қарсы тұру мәселелері талқыланды.

Осы орайда Ертас Мұратбеков қазіргі кезде Қазақстанның бас қаласы биылғы 10-11 маусымда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V Съезіне дайындалып жатқандығын айта келе, форумның негізгі тақырыбы бейбітшілік пен даму жолында діни лидерлер мен саяси қайраткерлердің диалогына арналып отырғандығын атап өтті.

Оның айтуынша, Съезд барысында пленарлық және төрт секциялық отырыстарды өткізу жоспарланып отыр. Бұл тұрғыда «Діни және саяси лидерлер: адамзат алдындағы жауапкершілік»; «Діннің жастарға ықпалы: білім, ғылым, мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары»; «Дін мен саясат: жаңа үрдістер мен перспективалар»; «Бейбітшілік, қауіпсіздік және үндестік үшін әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің арасындағы өзара сыйластық пен түсіністік негізіндегі диалог» тақырыптары қаралады деп күтілуде.

Сонымен қатар форум барысында дін мен саясаттың жаңа үрдістерін талдау, сондай-ақ бейбітшілік пен үндестік үшін өзара түсіністіктің жаңа жолдарын іздеу қарастырылған. Діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлердің диалогы тақырыбы алғашқы рет осындай жоғары деңгейде талқыға шығатынын айта кеткен жөн.

«Съезд жүйелі әрі дәйекті түрде қазіргі заманғы әлемнің басты тақырыптары мен проблемаларын өзектендіріп, бүгінде туындап отырған сын-қатерлерге қарсы тұрудың тетіктерін әзірлеуде. Бұл тұрғыдағы негізгі мақсат - мемлекеттердің рухани өзара түсіністігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы тұрғыда діни көшбасшылардың астаналық саммиті өзінің қуаты мен өзектілігін дәлелдеді»,-дейді орталық директоры.