Биылғы тамызда Қазақстандағы инфляция 0,2 пайызды құрады

АСТАНА. 2 қыркүйек. ҚазАқпарат - Азық-түлік емес тауарларына баға өткен айда 0,3%, ақылы қызметтерге - 0,5%-ға өсті. Азық-түлік тауарларына баға индексі 100%-ды құрады. Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінен хабарланды.

Өткен айда республика бойынша орта есеппен бағаның төмендеуі жаңа жиналған көкөністерге 5,6%, картопқа - 1,2%, жаңадан жиналған жемістерге - 0,9%, қарақұмық жармасына - 0,8%, күнбағыс майына - 0,3%-дан тіркелді.

Ал бағаның өсуі ұнтақ жармаға, жұмыртқаға 1,8%-дан, күрішке - 1,4%, сұлы, арпа жармаларына - 0,9%-дан, макарон өнімдеріне - 0,6%, айран, сүзбеге - 0,5%-дан, құмшекерге - 0,4%-ға, сиыр етіне, шайға - 0,3%-дан белгіленді.

Бағалар оқушылардың ранеці, рюкзагына 3,5%, мектеп жасындағы балаларға арналған костюмге - 2,7%, кеңсе тауарлары мен сызу құралдарына - 2,3%-ға өсті. Бағаның өсімі цементке 0,9%, кітап, газет және журналдарға - 0,5%, жуғыш және тазалағыш құралдарға - 0,4%, дәрі-дәрмектерге - 0,3% құрады.

Алыс қашықтыққа қатынайтын жолаушылардың темір жол көлік жолақысы 1,5%, демалыс және спорттық іс-шаралар саласындағы қызметтеріне - 0,8%, мейрамханалар мен қонақ үйлердің - 0,4%, денсаулық сақтау, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындарының қызметтеріне - 0,3%-дан қымбаттады.

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер суық суға 4,3%, кәрізге - 3,7%, қоқыс әкетуге - 2,1%, тұрғын үйді күтіп ұстауға - 1,7%, тарату желілері бойынша тасымалданатын газға - 0,7%, электр энергиясына - 0,2%-ға өсті, ал ыстық суға - 0,1%-ға төмендеді.