АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы тоғыз айдағы экспорт 42,5 пайызға төмендеді. Бұл туралы бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында биыл 10 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала нәтижесін баяндау кезінде ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
«Құрылыс жұмыстарының көлемі 3,8 пайызға, құрылыс материалдарының өндірісі 4,2 пайызға, тұрғын үй құрылысына инвестициялар көлемі 13,4 пайызға өсті. Қызмет көрсету саласында тұрақты өсім байқалуда, оның ішінде көлік саласындағы қызмет көрсету 5,6 пайызға артты», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанның биылғы тоғыз айдағы экспорты 42,5 пайызға , ал импорт 23,8 пайызға қысқарды.
«Теңгенің еркін бағамына көшу нәтижесінде қазанда инфляция 5,2 пайызды құрады, жылдық мәнде 9,4 пайызды қамтыды. Қазанда жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрады», - деді Е. Досаев.
Руслан Ғаббасов
Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 2005 жылдан бері «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істеп келеді.