Биылғы топырақ төсенішіндегі алғашқы матч оңайға түскен жоқ – Елена Рыбакина
Польша өкілі Вероника Фальковсканы жеңгеннен кейін Е.Рыбакина баспасөз мәслихатында сұрақтарға жауап берді.
-Бүгінгі қарсыласыңыз қалай болды?
-Мен оны бұрын білмейтін едім. Сондықтан онымен ойнау оңайға түскен жоқ. Қарсыласым өнер көрсеткен матчтар аз еді. Дегенмен бапкеріммен бірге дайындалдым. Мен рейтингіде жоғары тұрғандықтан, ол ештеңе жоғалтпайтын еді. Бұрын мен де оның орнында болдым. Сол себепті ол өзінің спорттық жолында үздік матчтарының бірін өткізді деп ойлаймын.
-Ойын кезінде қандай қиындықтар болды?
-Бұл 2023 жылғы топырақ төсенішіндегі алғашқы бәсекем болғандықтан, қиынға түсті. Бәлкім, доп беруім де ойдағыдай болған жоқ. Хардқа үйреніп қалғандықтан, топырақ төсенішіндегі кортқа бейімделу қапелімде қиын. Дегенмен бірте-бірте өз бабыма келемін деп үміттенемін.
-Жеңіске жеткен жағдайда өз командаңызбен бірге билеймін деген кешегі берген уәдеңізді орындайсыз ба?
-Мен ондай уәде берген жоқпын (күледі). Әңгіме әлем чемпионатындағы жеңіс туралы еді. Егер біз негізгі кезеңге өтіп, онда жеңіске жетіп жатсақ, әрине, неге билемеске?
-Магда Линетпен ертеңгі кездесу қалай өтеді деп ойлайсыз? Бұдан бұрын онымен бір-ақ рет ойнадыңыз ғой.
-Магда оңай шағылатын жаңғақ емес, сондықтан қиынға түседі. Дегенмен жеңіс үшін барымды саламын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Қазақстан – Польша матчының жеребесі тартылғанын жазған едік.
Сондай-ақ Польшамен матчта Юлия Путинцева Қазақстанды алға шығарды.
Қазақстан – Польша матчында Елена Рыбакина есепті 2:0-ге жеткізді.