Биылғы ҰБТ-да бөгде адамның талапкер орнына кіру фактісі тіркелген жоқ – Ұлттық тестілеу орталығы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биылғы ҰБТ-да бөгде адамның талапкер орнына кіру фактісі тіркелмеген. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

«Оқуға түсушінің тест тапсыру орнында негізгі камерадан басқа, тестіленушінің дыбысын жазу және қозғалысын тіркеу үшін алдыңғы веб-камера орнатылды. Фронталды веб-камера талапкердің жеке басын сәйкестендіруге және ҰБТ кезінде бөгде адамдардың кіруін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл қағидат емтихан тапсыру барысына бақылау жүргізу және тестілеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет. Биыл ҰБТ-да бір де бір бөгде тұлға анықталған жоқ. Естеріңізге сала кетсем, 2021 жылы бұндай 18 жағдай, 2022 жылы 1 жағдай анықталған еді», - деді ол.

Орталық директорының айтуына қарағанда, биылғы талапкерлердің 18%-ы «математика-физика» пәндерін таңдаған.

«Жалпы комбинацияларға келсек, қазіргі таңда талапкерлердің 18%-ы «Математика-Физика», 17%-ы «Биология-Химия», 13%-ы «Шығармашылық», 10%-ы «Математика-Информатика» пәндерін таңдады.

Осыған дейін айтылғандай, тестілеу қорытындысы бойынша 135 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының шамамен 83%-ын құрайды. Ал бейіндік пәндер комбинациясы бойынша шекті балдарға келсек, «Математика-Физика» пәндерін таңдаған 47 мың талапкердің 74%-ы шекті балл жинаған.

Сондай-ақ, «Биология-Химия» таңдаған 40 мың баланың 77%-ы шекті балл жинаған», - деді Руслан Емелбаев.