Биылғы Жолдау салмақты, көп салалы және ұзақ мерзімге жоспарланған құжат болды

/strong>Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Биылғы Елбасының Жолдауында айтылған өзекті мәселелерді жастардың арасына кеңінен насихаттаймыз.

Бұл жайында Президенттің Жолдауына арналған бүгінгі дөңгелек үстелде Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры Дәурен Мұхаметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Д.Мұхаметжанов осындай мәселені талқылаудың өзі Елбасының жүргізіп отырған саясатының нәтижесі деп білетіндігін жеткізді. Оның айтуынша, кез-келген бастама халыққа дұрыс жетпесе ол аяқсыз қалады. Құжатты іске асыру үшін оны ары қарай қолдайтын қолдаушылар керек, сондықтан Алматы қаласындағы барлық демалыс орталықтарында осындай дөңгелек үстел өткізсек деген ұсыныс жасағандығын айтты. "Биылғы Жолдау салмақты, көп салалы және ұзақ мерзімге жоспарланған құжат болды. Бүгінгі талқылаған тақырыбымыз мемлекет үшін ең негізгі мәселе - мемлекеттік тіл. Кез-келген Қазақстан азаматы дініне, нәсіліне қарамай елдің патриоты болуы керек. Патриот адам сол тұрып жатқан жерінің мәдениетін, тілін бойына сіңіре білуі тиіс, сонда ғана ол шын мәнінде патриот бола алады. Қазіргі таңда қазақ тілін өте жақсы меңгерген көптеген өзге ұлт өкілдері бар. Солардың алдында ұятты болмай әрқайсымыз қоғамдық орындарда қазақ тілінде сұрау қойып, талап қоя білуіміз керек. Сонымен өз еліңнің патриоты болу үшін алдымен өз тіліңді жетік білген жөн. Президенттің алдымен қазақша, содан кейін басқа тілдерді де меңгеріңдер деп отырған саясаты өте орынды", дейді Д. Мұхаметжанов.