Биылғы жылдың 3 айында Кедендік бақылау комитетінің лауазым иелеріне қатысты 17 қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің лауазым иелеріне қатысты 17 қылмыстық іс қозғалған.

Олардың 14-і немесе 82 пайызын кеден қызметкерлері құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, өздері анықтаған. Бұл деректермен бүгін елордада журналистермен болған брифингте Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Өмірзақ Бейісбеков таныстырды.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Кедендік бақылау комитеті қызметкерлерінің ұйымдастыру, кадрлық, сауықтыру бағытында қолданған шараларының арқасында кеден қызметкерлері тарапынан құқық бұзу және қылмыстық әрекеттер күрт төмендеген. «Жыл басынан бері кеден қызметкерлері тарапынан жасалған 13 жемқорлық әрекеттері анықталған. Олардың 85 пайызын кеденшілердің өздері анықтаған. «Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстыратын болсақ, кеден саласындағы жемқорлық әрекеттері 70 пайызға, қылмыстық әрекеттер 50 пайызға кеміді»,-деді комитет төрағасының орынбасары.