Биылғы жылдың 7 айында 6 мың жүргізушіге экологиялық талаптарды бұзғандары үшін айыппұл салынды

АСТАНА. 24 тамыз. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері елордада 70 мың 813 көлік құралы техникалық тексеруден өткен. Олардың 58 мың 693-і талапқа сай деп табылған. Ал 12 мың 120 жүргізушіге техникалық тексеруден өтуге тыйым салынды.

Аталған көліктердің техникалық ақаулары бар, сонымен қатар олар ауаны ластайтын болып шықты. Яғни, экология талаптарына сай емес. Бұл туралы Астана қалалық Жол полициясы комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметтерінше, экологтар көлік құралдарын ауаны ең көп ластаушы деп танып отыр. Осыған байланысты Астана қаласының Жол полициясы басқармасы қоршаған ортаны қорғау шарасына жіті көңіл бөлуде. Елордада қазір газ бен түтіннің құрамын анықтайтын 6 орын бар. Олардың көмегімен қалаға кірген немесе шығып бара жатқан көліктер тексеріледі. Сонымен қатар жылжымалы диагностикалық зертханалары бар 2 жедел топ жұмыс істейді. Түтін мен газдың құрамын тексеретін құрылғылары жол полициясының қатардағы қызметкерлерінде де бар.

Баспасөз мәліметтері бойынша, биылғы жылдың 7 айында тексеру жұмыстарының нәтижесінде 6 мың жүргізушіге экологиялық талаптарды бұзғандары үшін жалпы құны 18 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Сонымен қатар қазір қаладағы экологиялық жағдайды сауықтыру үшін көлік иелеріне қойлатын талаптар қатайтылған.