Биылғы жылдың күзінде ШЫҰ аясында «Бейбіт миссия-2010» жаттығулары өтеді - Қорғаныс министрлігі

АСТАНА. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - НАТО бағдарламасы желісі бойынша кезекті «Дала қыраны» жаттығуы шарасын өткізу жоспарланып отыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде еліміздің аумағында биылғы жылдың күзінде ШЫҰ аясында өтетін «Бейбіт миссия-2010» жаттығуларына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл біздің халықаралық әріптестеріміздің қатысуымен өтетін ең ірі ауқымды шара болмақ», делінген ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Атап айтқанда, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясында «Өзара іс-қимыл», сондай-ақ НАТО бағдарламасы желісі бойынша «Дала қыраны» жаттығу шараларын өткізу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, өткен жылы Қазақстан әскері 52 түрлі жаттығу шараларын өткізді. Бұл көрсеткіш 2008 жылға қарағанда 1,5 есеге артық. Олардың ішінде маңызды саналатын «Жауынгерлік достастық», «Дала қыраны», «Әуе күштері» жаттығулары бар. Сонымен бірге ерекше орында тұрған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жедел әрекет ұжымдық күштерінің қатысуымен «Матыбұлақ» полигонында өткен «Өзара іс-қимыл-2009» бірлескен стратегиялық жаттығуларын атап өтуге болады.

Қазіргі кезде елімізде әскерлерді басқару үш сала бойынша, яғни, Құрлықтағы әскер, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-Теңіз күштері бағыттарымен жүзеге асырылады.