Биылғы жылдың не көктемінде не күзінде кезектен тыс Парламент сайлауы өтуі мүмкін - сарапшы пікірі

АСТАНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Қазақстанның биылғы жылдың не көктемінде не күзінде кезектен тыс Парламент сайлауы өтуі мүмкін», -

деп есептейді Мәскеу мемлекеттік университетінің ақпараттық-талдау орталығының директоры Алексей Власов.

Бұл туралы ол бүгін Астанада өткен «Қазақстандағы президенттік сайлау: қорытындылары және одан арғы перспективалары» атты тақырыпта өтіп жатқан еуразиялық желінің II отырысында білдірді.

Университет қызметкерінің айтуынша, Парламент сайлауының өтуі түсінікті де. Оны Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та айтқан болатын. 2007 жылы басталған саяси реформаны Парламентке «Нұр Отан» партиясынан өзге жаңа саяси күштерді кіргізу арқылы соңына дейін жеткізу керек. «Ол қандай жаңа саяси күштер болмақ. Елдегі ескі оппозициялық күштер өздерінің билікпен бәсекелесуге қабілеттілігін көрсете алмады. Ал өзге саяси күштер, мысалы Президентпен бірге сайлауға түскен Мэлс Елеусізовтің сайлауда өз даусын қазіргі Президентке бергендігі жөніндегі мәлімдемесін ресейліктер түсіне алмады. Бұл, әрине Мемлекет басшысына деген құрмет және оның атқарған істеріне деген ризашылығы болар. Дегенмен саяси бәсекелестік - өзінің белгілі бір тәртібі бар ойын және осы ойынға қатысушылар осы тәртіпті қадағалай отырып, бастаған істерін соңына дейін жеткізулері керек. Сондықтан М.Елеусізовтің саяси додада 4-ші орын алғаны да түсінікті. Себебі ол өзге түгілі тіпті, оның өзіне дауыс бергелі отырған сайлаушылардың өзін ойлантып тастады»,-деді А.Власов.

Оның пікірінше, мемлекетте бәсекеге қабілетті күштер пайда болуы үшін жеке идеялар мен жекелеген бағдарламалардың пайда болуына қажетті жағдай жасап көрген жөн. «Ал бұрынғыдай бір партияның ішінен екінші партияны ашып, біреудің бастаған ісін әрі қара сүйрей беру тиімсіз», деді орталық директоры.