Биылғы жылдың үшінші тоқсанында айлық жалақы 147 988 теңгені құрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылғы үшінші тоқсанда бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 147 988 теңгені құрады. Жалақы индексі өткен жылғы тиісті тоқсанына 104,8%, ал нақты жалақы индексі 98,0% құрады, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігі, Стаститика комитетінің баспасөз қызметі.

Салалық құрылымда ең үлкен жалақы қаржы және сақтандыру қызметінде - 272,8 мың теңге (орташа республикалық деңгейден 1,8 есеге асты), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте - 271,1 мың теңге (1,8 есеге асты), ақпарат және байланыс саласында - 215,7 мың теңге (1,5 есеге асты), өнеркәсіп саласында - 208,5 мың теңге (1,4 есеге асты), құрылыс саласында - 205,9 мың теңге (1,4 есеге асты) болып белгіленді. Ең төменгі жалақы білім беру қызметкерлерінде - 90,4 мың теңге, бұл республика бойынша орта көрсеткіштен 38,9%-ға төмен.

Өңірлік бөліністе ең жоғарғы жалақы Атырау облысында тіркелді - 275,9 мың теңге, бұл орташа республикалық көрсеткіштен шамамен 1,9 есеге асады. Жамбыл облысында мұның шамасы 98,1 мың теңгені құрады, бұл ел бойынша орташа деңгейден 33,7%-ға төмен.