Биылғы жылғы наурыз айынан бастап дәрігерлердің жалақысы дифференциалды жүйе бойынша төлене бастады - Денсаулық сақтау министрлігі

АСТАНА. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (БҰДЖ) аясында ағымдағы жылғы наурыз айының 1-інен бастап дәрігерлердің жалақысы дифференциалды жүйе бойынша төлене бастады.

Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті төрағасының орынбасары Назарбек Бейсен мәлім етті.

Дифференциалды жүйе бойынша еңбекақы - дәрігердің істеген еңбегінің көлеміне қарай төленеді. Н.Бейсен атап көрсеткендей, қазір медициналық мекемелер шаруашылық жүргізу құқығына ауыстырылып жатқандықтан, ақ халаттылардың тапқан табысын бас дәрігер өзінің қарауы бойынша, сол мекемеде жұмыс істейтін бақылау кеңесімен ақылдаса отырып үлестіретін болады.

БҰДЖ-ның жұмысын жетілдіру мақсатында наурыз айынан бастап, сондай-ақ жоғары сапалы медициналық қызметтерді көрсететін мекемелердің (Республикалық орталықтар мен институттар, облыстық және қалалық ауруханалар) тарифтері - 70 пайызға, стационарлық көмек - 39 пайызға, қызметкерлердің жалақысы - 25 пайызға және коммуналдық төлемдер - 20 пайызға дейін көбейтілді.

«Сонымен қатар, егер бұған дейін жоғары сапалы медициналық қызметтер қалалық және облыстық орталықтарда жасалмай келсе, енді өңірлік деңгейдегі 61 мекемемен келісімшарттар жасалып, оларда қазір күрделі операциялар жасалуда», - деді ол.

Айта кетейік, Бағдарлама басталмас бұрын 1375 медициналық ұйым аккредитациядан өтті. Өткен жылдың желтоқсанында олардың 838-імен келісімшарттар жасалып (оның ішінде 103-і - жекеменшік ұйымдар), 2010 жылғы қаңтар айының 1-інен бастап оларға аванс ретінде 20,8 миллирд теңге қаражат бөлінді.