Биылғы жылы Астана мен Алматыда ұялы байланыстың қызмет көрсету сапасын арттыру үшін 1 001 базалық станция орнатылатын болады

АСТАНА. 1 қазан. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері ұялы байланыс операторлары Астана мен Алматы қалаларының аумағында ұялы байланыстың қосымша 461 базалық станциясын орнатты.

Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Ұялы байланыс операторлары ағымдағы жылдың аяғына дейін ұялы байланыстың қосымша тағы да 540 базалық станциясын орнатуды жоспарлауда. Бұл жұмыстарды ұялы байланыс операторлары ҚР ККМ Байланыс және ақпараттандыру комитетінің ұсынысы негізінде ұялы байланыс қызметтерінің сапасын арттыру үшін атқаруда.

ҚР ККМ Байланыс және ақпараттандыру комитетінің төрағасы Ризат Нұршабеков «Өткен жылы Министрлік түрлі стандарттағы ұялы байланыс қызметінің белгі беру параметрлерін өлшеу және қызмет сапасына техникалық бақылау жасау үшін арнайы талдағыштар сатып алған болатын. Олардың көмегімен жүйенің қолжетімділігі мен белгі берудің үздіксіздігін, сөздің берілу сапасын талдап отыруға болады», - деп атап өтті.

Қазіргі уақытта ұялы байланыстың белгі беру сапасы параметрлерін өлшеу жұмыстары Астана және Алматы қалаларының жекелеген аудандарында атқарылуда. Ұялы байланыс операторлары жүргізілген өлшеу қорытындылары бойынша ұялы байланыс жүйесін жоспарлау жөніндегі ұсыныстарын жолдап отырады. Келешекте осындай өлшеу жұмыстары Қазақстанның басқа өңірлерінде де жүргізілетін болады.

Айта кететін бір жай, оңтайландыру жұмыстарын атқарған кезде және қосымша базалық станциялар орнатқан уақытта жүйе жұмысында кейбір мәселелер туындауы ықтимал. Айталық, шақырулардың үзіліп кетуі және жүйеге шығу мүмкіндігі болмай қалу оқиғалары орын алғандығы аңғарылады.

Ұялы байланыс қызметінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жөнінде ҚР Көлік және коммуникация министрлігіне Мемлекет басшысы Астанадағы «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысы барысында тапсырғандығын еске саламыз.