Биылғы жылы электронды билет алушылар саны жеті есеге артты-ҚР ҚТЖ

АСТАНА. 27 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы «Жолаушылар тасымалы» АҚ («Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны) жол жүру құжаттарымен алыпсатарлық жасаушылармен кешенді түрде бірнеше бағытта үздіксіз күрес жүргізіп келеді.

ҚТЖ мәліметтеріне қарағанда, Ірі вокзалдардың билет кассаларына жедел мониторингілік бақылау жүргізіледі. Сервистік қызмет көрсетудің кәсіби этикасы мен ар ұждан кодексі бекітілді.

Билет сатудың электронды жүйесі енгізілді. Қазірдің өзінде 12 ірі және облыс вокзалдарында электронды билет сатудың транзакциялық терминалы орнатылды. 2012 жылдан бастап «Тұлпар» Астана-Алматы бағдарындағы пойызда жолаушыларды электронды тіркеу жүргізіле бастады. Бұл қосымша төрт пойызда енгізіледі. Атап айтқанда, биылғы жылы электронды билет алушылар саны бес жүз мың адамға жетті. Бұл өткен жылға қарағанда жеті есе жоғары көрсеткіш.

Қоғам құқық қорғау орындарымен бірге жүйелі жұмыс жасап келеді. Көліктегі ішкі істер министрлігімен бірлесіп кешенді шаралар атқаруда. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар жолаушылар тасымалының жайы үнемі бақылауда ұсталынады. Оның ішінде билетті алып сатушылармен күрес жұмысы жалғасып келеді.

 2012 жылдың 7 айында «Жолаушылар тасымалы» АҚ қызметкерлері темір жол вокзалдары маңында рейдтер ұйымдастырып, соның нәтижесінде 139 адамға 59 акт жасалды. Қазіргі кезде билет сатумен айналысатын 111 адам туралы мәлімет ішкі істер органдарына жіберілді.

«Билеттерді заңсыз сатуды ұйымдастырғандарды ұстаған «Жолаушылар тасымалы» АҚ қызметкерлерінің алыпсатарларды ресімдеуге және тұтқындауға құзырлы құқығы жоқ болып шықты. Осыған байланысты қоғам әкімшілік және еңбек кодексіне әкімшілік шараларды күшейту жөнінде ұсыныс түсірді. Билет сатушылардың заңсыз әрекетін болдырмау үшін 1000 АЕК көлемінде айыппұл салуға, жауапты қызметкерлерді (билет кассирлері мен пойыз бригадаларына) тәртіптік жауапкершілікке шақыруға қала берді билетсіз жолаушыларды алып жүрген жолсеріктермен бір жақты еңбек шартын бұзу көзделеді. Жолаушыны билетсіз мінгізген пойыз бригадасына 7 АЕК-тен елу АЕК-ке дейінгі көлемде айыппұл салу сонымен қатар жолаушыға да әкімшілік шара қолданылатын болады»,-делінген бұл мәліметтерде.

БАҚ жарияланған Қарағанды станциясының вокзалындағы билет кассасындағы болған оқиға бойынша қызметтік тексеріс жүргізілді. Өз міндетіне салақ қараған кассирмен келісім шарт үзіліп, жұмыстан шығарылды.