Биылғы жылы өрттен келген шығын 1,5 млрд. теңгеден асты

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың өткен кезеңінде елімізде 7256 өрт тіркелді. Бүгін Астанада өткен брифингте ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті Мемлекеттік өрт бақылау және анықтау басқармасының басшысы Мейрамбек Қайсанов осылай мәлім етті.

«2014 жылдың өткен кезеңінде елімізде 7256 өрт тіркеліп, келтірілген материалдық шығын 1 млрд. 549 млн. теңгені құрады. 2013 жылмен салыстырғанда өрттің саны 18 пайызға өсіп, бұл ретте материалдық шығын 18 пайызға, адамдардың өлім-жітімі 23 пайызға төмендеді. Сонымен қатар өрт кезінде жарақат алғандар саны 19 пайызға артты»,-деді ол.

М. Қайсановтың сөзіне қарағанда, өрт қауіпті кезең басталған сәттен бері орман қоры аумағында 250 өрт шығып, 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өрттің 2,3 есе артқаны байқалды (2013 жылы - 108 өрт). Сонымен қатар,тілсіз жау шарпыған аумақ 23 пайызға төмендеп, 1223 гектарды құрады. 2014 жылы келтірілген шығын сомасы 20 млн, 634 мың теңгеге жетті.