Биылғы жылыту маусымын бірқалыпты өткізу үшін 33 мың шақырым электр желілерін жөндеу қажет
10:39, 13 Қыркүйек 2010
АСТАНА. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай / - Биылғы жылыту маусымын бірқалыпты түрде өткізу үшін 33 мың шақырым электр желілеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл туралы бүгін селекторлық форматтағы Үкімет отырысында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бейсенбай Тұрғанов айтты.
Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы қыркүйектің 10-дағы жағдай бойынша 25,6 мың шақырым электр желілері жөнделген. Бұл жоспардың 77 пайызын құрайды. Республикалық деңгейден төмен жөндеу жұмыстары Батыс Қазақстан (71 пайыз), Қызылорда (62 пайыз) және Оңтүстік Қазақстан облысында (68 пайыз) жүргізіліп жатыр.