Біз әлемде бірінші боп жұмысы желдің бағытына тәуелсіз агрегат жасап шықтық - Математика және механика ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары

АЛМАТЫ. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Әлемде бірінші боп жұмысы желдің бағытына тәуелсіз агрегат жасап шыққан қазақстандық ғалымдар жаңалықтарының өндіріске енгізу үшін инвесторлар іздейді.

Бұл кеше Алматы қаласының І Инновациялық конвентінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Бидарье" деп аталатын бұл агрегаттың авторлары: техника ғылымының докторы Ш. Ершин, физика-математика ғылымдарының кандидаты Т. Қонақбаев, аға оқытушы А. Төлепбергенов және аспирант А. Құсайынов. Қондырғының тәжірибелік нұсқасы 5-15 метр/секунд желде 7кВт электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.

"Әдеттегі жел қондырғылары желдің бағытына қарай өзгеріп отырады. Онда желді пайдалану коэфициенті 25-30 пайызды құрайды. Біздің қондырғының басты ерекшелігі жұмыс істеу қызметі желдің бағытына тәуелсіз. Сондай-ақ желді пайдалану коэфициенті 60 пайызды құрайды. Қазақстан аумағындағы желдің орташа жылдамдығы 10 метр/секундты құрайды. Біз бұл қондырғына жасаған кезде бұл мәселені назардан тыс қалдырмадық", дейді Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің жанындағы Математика және механика ғылыми зерттеу институты директорының орынбасарыТөлеген Қонақбаев. Оның айтуынша, олардың бұл жаңалықтарымен университеттің 75 жылдық мерейтойын атап өту кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та танысқан. Қазіргі таңда ғылыми жобалар байқауына қатысып жатқан өнертапқыштар енді алдағы уақытта қондырғының тәжірибелік сериясын шығаруды жоспарлап отыр. Өйткені жаңалық өндіріске енетін болса оған алыс-жақын шет елдерде де сұраныс білдірушілер табылмақ.

"Бизнесмендер қазір көзімен көріп, қолымен ұстап көрмей жаңалықты мойындамайды. Бұл өз кезегінде отандық ғалымдарға үлкен қиындық тудырып отыр. Өйткені зерттеу жұмысының нәтижесі бойынша өнертабыстың өндірістік тәжірибелік нұсқаларын жасау үшін біршама қаражат керек. Оған кез-келген ғалымның шамасы келмейді. Сондықтан да біздің ғалымдардың ашқан ғылыми жаңалықтары мен жаңа технологиялары осы уақытқа дейін көбіне-көп қағаз жүзінде қалып келді. Инновациялық экономиканы құру үшін мемлекет тарапынан жәрдем керектігін жақсы түсінгендіктен Елбасының басшылығымен Үкімет оны енді ғана қолға алып жатыр", дейді физика-математика ғылымдарының кандидаты Төлеген Оспанұлы.