- деп мәлім етті бүгін Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің мерейтойлық сессиясы мен Сыртқы істер министрлерінің IV кездесуінің қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты барысында ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов.
«Өздеріңізге белгілі болып отырғандай, 5 қазанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастамасының жария етілгеніне 20 жыл толады. Осы жылдар ішінде АӨІСШК толыққанды әрі беделді халықаралық форумға айналды. Оған 24 азиялық мемлекет мүше болып табылса, 8 мемлекет пен 3 халықаралық ұйым байқаушы мәртебесіне ие», - деді ол.
Е.Қазыханов Елбасы Н.Назарбаевтың АӨІСШК-нің Азиядағы сенімді қамтамасыз етудегі өмірлік маңызды тетік ретінде одан әрі дамуына ерекше назар аударып отырғандығын баса айтты. Кеңес жұмысы барысында ынтымақтастық пен қауіпсіздік саласындағы Азия үшін өте маңызды әрі теңдессіз бірқатар құжат қабылданды. Алматыда кеңестің хатшылығы жұмыс істейді және де БҰҰ Бас Ассамблеясы жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие.
Сонымен қатар министр, Түркияға және аталған елдің Сыртқы істер министрі Ахмет Дәуітоғлыға 2014 жылға дейін созылатын АӨІСШК-дегі төрағалықтарының тиімділігі мен қарқындылығы үшін алғысын білдірді.
«Қазақстан біздің құрметті түркиялық әріптестерімізге барынша қолдау көрсетуге дайын. Бүгін Қазақстан Президенті атап өткендей, Азия құрлығында проблемалар шиеленісіп келеді, шешілмеген даулар да көп, көші-қон, діни экстремизм, лаңкестік, есірткінің заңсыз айналымы, сепартизм мәселелерінде де өзекті проблемалар бар», - деді ол.
Сонымен қатар Азия құрлығы өзінің әлеуеті мен әлемдік саясатқа ықпал ету дәрежесіне орай жаһандық халықаралық қарым-қатынастардың алаңына айналып келе жатқандығын баса айтқан ҚР Сыртқы істер министрі: «Біз АӨІСШК-нің немесе АӨІСШҰ-ның әлеуетін одан әрі нығайтуға ниеттіміз», - деді.