Біз азық-түлік өнімдерін барынша қауіпсіз әрі қолжетімді етуге тырысамыз - Д.Тәтіғұлова

АЛМАТЫ. 2 қыркүйек. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - 1961 жылы «Тетра Пак» компаниясы өнімді 6 айдан астам уақыт сақтауға мүмкіндік беретін орам жасап шықты.

Асептикалық деп аталған бұл технология бүгінгі таңда кеңінен қолданылып жүр. Бұл жөнінде Тетра пак Орталық Азия компаниясының маркетинг жөніндегі директоры Динара Тәтіғұлова Алматыда арнайы өткен баспасөз мәслихаты кезінде айтты.

Асептикалық технология өнімнің сапасы мен дәмдік қасиеттерін салқындатпай-ақ және ешбір консервант қоспастан ұзақ мерзімде сақтауға мүмкіндік береді екен және азық-түлік өнімдерінің дәмі мен тағамдық құндылығы сақталатын көрінеді. «Бұл технология тұтынушыларға әр түрлі ыңғайлы орамдар ұсынды, электр қуаты мен орау материалын үнемдеуге мүмкіндік берді. Асептикалық өңдеу арқылы өнімдегі бактериялар мен орам материалындағы зиянды заттардан қорғалады. 1989 жылы Халықаралық тағам технологиясы институты асептикалық орамды ХХ ғасырдағы тағам индустриясының ең маңызды жаңалығы деп таныды», -дейді Д. Тәтіғұлова.

Инновациялық өнімдер аталған компанияның стратегиялық бағыттарының бірі саналады. Бүгінгі таңда әлем бойынша «Тетра Пак» компаниясының 11 ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді.

«Тетра Пак» компаниясы өзінің алпыс жылдық тарихында әлем бойынша орам материалдары мен қаптау қондырғыларын шығаратын аса ірі кәсіпорынға айналды. Аталған уақыт ішінде компания әлемнің 170-тен астам елінде 79 өкілдігін, орам материалдары мен қақпақтар шығаратын 43 зауыт, сондай-ақ, орау автоматтарын құрастыратын 11 зауытын іске қосты. 2011 жылдың 1-қаңтарында компанияның жылдық айналымы 9 миллиард 980 миллион еуроны құрады»,-дейді Динара Тәтіғұлова.

«Тетра Пак» компаниясының өнімі Орталық Азияға тұңғыш рет 1961 жылы келген. Кезінде Кеңес Одағы бірнеше орам автоматын сатып алып, сүт сақтайтын тетраэдр орамдар шығарған. 1980-ші жылдардың соңында «Тетра Пак» КСРО-дағы қызметін жандандырып, Киев қаласында зауыттар ашқан. Кейін, 2007 жылы «Тетра Пак» компаниясы Мәскеу облысындағы Лобня қаласына қуаттылығы аса жоғары зауыт салады, оның құрылысына 100 миллион доллар жұмсалады. 1996 жылы «Тетра Пактың» Орталық Азиядағы еншілес кәсіпорны - «Тетра Пак Қазақстан Лтд.» кәсіпорны ашылады. Осылайша, аймақта екі штаб-пәтер жұмыс істей бастайды, олардың орталықтары Ташкент пен Алматы қалаларында орналасқан.

Қазақстан мен Орталық Азияда «Тетра Пак» өнімдерін «Coca-ColaAlmatyBottlers» ЖШС, «Агропродукт Азия» ЖШС, «Фуд Мастер» компаниясы ААҚ, «РайымбекБоттлерс» ЖШҚ, «RG Brands» АҚ, «Райымбек Агро» ЖШС, «SheenLine» ЖШС, «Шымкент Сүт» ЖШС, «Маслодел» ЖШС, «Интерсок» АҚ сынды ұзын-саны 100-ден астам қазақстандық кәсіпорын тұтынады.