«Біз халықтық акцияны үлкен ықыласпен қолдаймыз. Талдықорған қаласында тұратын көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлерге, өмірдің қиын жағдайына тап болған жалғызбасты аналарға азық-түлікпен көмек көрсету туралы шешім қабылдадық. Карантин режиміндегі тыйымдарға байланысты зейнеткерлеріміз дәрі және азық-түлік тауарларын алу үшін таяудағы азық-түлік дүкеніне бара алмай, қиын жағдайға тап болды. Оған себеп, зейнет жасындағы адамдарда вирус жұқтыру қаупінің жоғары болуы. Бұл жағдайлардың бәрін ескеруге тырыстық. Осыған орай, оларға алдын ала хабарласып, қажетті дәрі-дәрмек пен азық-түліктің тізімін алып, бірінші сұранысқа ие тауарларды жеткіздік», - деп атап өтті Алматы облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Дәурен Сәкенов.
Полицейлердің қолдауына ие болған жандардың бірі 5 баланың анасы Наргиз.
«Бір қап ұн, бес литр шемішкенің майы, балаларға тәттілер, күріш, қант, макарон өнімдері - бір сөзбен айтсам,қажеттінің бәрін әкеп берді. Тәртіп сақшыларына үлкен алғыс білдіремін», - деді Ескелді ауданындағы Қарабұлақ ауылының тұрғыны Наргиз.
Атқаратын қызметтерінің қиындығына қарамастан, полицейлер қайырымдылықты жалғастыруды көздеп отыр, осыған байланысты мұқтаж жандардың кезекті тізімі жасалды.
«Барлық азаматтарды үйде қалуға, жеке гигиена нормаларын, заңнаманы және барлық сақтық шараларын сақтауға шақырамыз. Тек бірліктің арқасында ғана біз уақытша қиындықтарды жеңе аламыз», - деп толықтырды подполковник Сәкенов.