Біз бірінші кезекте инновациялық және жоғары технологиялық индустрияны дамыту мақсатын қоюымыз керек - Премьер-Министр

Фото: None
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Біз бірінші кезекте инновациялық және жоғары технологиялық индустрияны еліміздің аумағында дамыту мақсатын қоюымыз керек.

Бұл туралы бүгін Ұлттық ғарыш агенттігінің өткен жылғы қорытындысына арналған алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Елбасы еліміздегі инновациялық және жоғары технологиялар индустриясының дамуын бөлек атап өтті. Ал ғарыш саласы инновациялық және технологиялық бағыттың жолында тұр», деп атап өтті Премьер-Министр.

Қандайда бір қиындықтар болса да, бұл саланы қаржыландыру ұдайы жалғасатынын жеткізген К. Мәсімов, алайда қалыптасудың алғашқы кезеңінде және «ҚазСат-1» спутнигін құру кезіндегі кемшіліктер қайталанбауы тиіс екенін қадап айтты.

Осы орайда ол спутникті сатып алу кезінде Қазақстан аумағында жеке индустрияны дамыту үшін алғы шарттар қаралмағанын айта келе, «Енді қандайда бір нысандарды дамыту мен сатып алу кезінде біз бірінші кезекте елімізде жеке индустрияны дамыту мақсатын қоюымыз керек. Бұл - басты мәселе», деді.

Премьер-Министр ғарыш саласындағы ұлттық кадрларды оқытудың маңыздылығына тоқтала келе «Атап айтқанда, біз мамандарды даярлап, өзіміз Қазақстанда осы саланы дамытуымыз керек. Бұл Елбасының берген тапсырмасы», деді К. Мәсімов Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Т. Мұсабаевқа қаратып айтқан сөзінде.

Соңғы жаңалықтар