«Біз біртұтас, бөлінбейтін бірлікті көрсеттік» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 5 сәуір, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының аяқталуына байланысты отандық және шетелдік баспасөз құралдарының өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Біз біртұтас, бөлінбейтін бірлікті көрсеттік» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Тілшілердің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген Мемлекет басшысы: «Кез келген Президентті, соның ішінде үлкен табыстарға қол жеткізіп отырған Президенттің жанында әрқашанда сын да жүреді. Бұл қалыптағы жағдай, сондықтан мен олардың сынына байыптылықпен қараймын. Әділ сыннан қорытынды шығарып, оларды қабылдай аламын. Өз тарапымнан мен оппозицияға: билікке таласқаннан гөрі, елдің жақсы тұрмысқа жетуіне атсалыссаңыздар дұрыс болар еді деген ұсыныс айтар едім», - деп атап көрсетті.

Осы басылымда Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтаоның Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасы Президенті қызметіне қайта сайла­нуына байланысты құттықтауы жарық көрді. «Сіз, Жоғары мәртебелі, мемлекет тізгінін қолға алған уақыттан бері елде қоғамдық тұрақтылық пен экономиканың жоғары өсу серпіні сақталып келеді, халықтың әл-ауқаты ұдайы артуда, Қазақстанның халықаралық жағдайы анағұрлым нығаюда. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан халқы мемлекетті еңселенту мен дамыту ісінде жаңа, анағұрлым маңызды табыстарға қол жеткізетініне сенемін», - деген құттықтауында ҚХР Төрағасы.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, кеше Астанадағы «Қазақстан» спорт кешенінде өткен, «Елбасы бірге, алға!» деп аталған форумға еліміздің барлық өңірлерінен 5 000-нан астам қатысушы жиылды. Жеңіс форумында Мемлекет басшысы жұртшылық алдына шығып, сөз сөйледі. «Орталық сайлау комиссиясы ашық, нағыз әділ болған сайлаудың нәтижесінде барша Қазақстан сайлаушыларының 95 пайыздан астамы мені қолдап дауыс бергендігін мәлімдеді. Біз жеңдік! Бұл жеңіс - бәріміздің жеңісіміз, қазақ халқының жеңісі, қазақстандықтардың жеңісі! Қазақстан, қазақ халқы, өзінің болашағын анықтап, ел ішіндегі бірлікті сақтайтын, бүкіл дүниежүзіне бейбітшіл ел екенін тағы да көрсетті», - деді Елбасы. Мақаланың толық нұсқасы «Ашық, нағыз әділ сайлау болды» деген тақырыптан оқи аласыздар.

Орал қаласында күрес түрлері бойынша Қазақстан Республикасы Спартакиадасы аясында өткен ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Осыған орай «Айқын» газетінде «Жарыс жалауы желбірейді» деген тақырыппен мақала басылды. Басылымның атап өтуінше, апта соңында әйелдер және грек-рим күресі өкілдері жарыс көрігін қыздырды. Бұл тартыс жанкүйер қауымды бей-жай қалдырған жоқ. «Өйткені Қазақстан чемпионатында бақ сынауға бел буғандар арасында Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында жүлде алған сақа спортшылармен қатар, жастар дуында дара талантымен оқшауланып жүрген сайыпқырандар болды», - деп жазады басылым. Толығырақ газеттің бүгінгі нөмірінен біле аласыздар.

***

«Атақты абайтанушы ғалым Қайым Мұхаметханұлына арнап орнатылған ескерткіш тақтаға дақ түсті. Қаскөйлер мәрмәр тастың ортасынан әлдебір өткір затпен тіліп, қайта жөндеуге келместей еткен», деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі нөміріндегі «Абайтанушыны қорлаған қаскөй кім?» деген мақалада. Басылымның атап өтуінше, Қайым атаның 90 жылдығына орай Семейдегі тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақтаны өзі ұзақ жылдар еңбек еткен білім ордасы СМПИ арнайы орнатқан. Ғалымның құрметіне қойылған бұл тақтаны бұлдіруге қандай жүрекжұтқан жанның барғаны, тіпті осы бір тағылық әрекетті қандай мақсатта жасағаны әзірше жұмбақ.

«Қазақстан халқы өз болашағына қатысты басты таңдауын жасады. Сәуірдің 3-і күні таңғы сағат 7-ден бастап есігін ашқан еліміздегі барлық сайлау учаскелеріне ағылған сайлау құқығына ие азаматтар елдің ендігі Президентін анықтау үшін дауыс беріп, азаматтық ұстанымдарын айғақтады. Орталық сайлау комиссиясының сәуірдің 4-і күні ертеңгі сағат 10.00-де жариялаған алдын ала қорытындылары бойынша қазіргі Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа сайлаушылардың 95,5 пайызы дауыс берген»», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның бүгінгі нөмірінде сайлауға қатысты барлық жайттар, шетелдік байқаушылардың пікірлері топтастырылып берілген жарияланым «Қазақстан халқы өз таңдауын жасады» деген тақырыппен берілген.

***

«Казахстанская правда» газетінде Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтің Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасы Президенті қызметіне қайта сайлануына байланысты құттықтауы жарияланды. Онда: «Сайлаудағы бұлтартпайтын жеңісіңіз Сіздің өз халқыңыздың шынайы көшбасшысы ретіндегі лайықты абыройыңызды тиянақтай түседі. Достас Қазақстанның кейінгі жылдарда әлеуметтік-экономикалық салада, мемлекеттік құрылыста, халықаралық аренада қол жеткізген елеулі табыстары Сізге жалпыұлттық қолдау мен сенімді қамтамасыз етті», - делінген.