Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың ұжымы нақ Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлік қызметінің арқасында Қазақстан бүкіл әлем даусы жеткен көпұлтты заманауи мемлекет болып отырғанын атап өткен.
«Біз Сіз үшін, елдің дамуы мен игілігі жолындағы Сіздің ғаламат еңбегіңіз үшін орасан қуаныш пен мақтаныш сезіміне бөленіп отырмыз. Мемлекетіміз Сіздің басшылығыңызбен дамып келе жатқан кезде қазақстандықтар өз болашағына сеніммен қарайтын болады», - делінген хатта.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы қызметкерлері сайлау нәтижесі тағы да халықтың өз Президентіне деген жоғары сенімі мен қолдауының айғағына айналғанын айтады.
«Біздің бәріміз мемлекет бағытының нәтижесін көріп отырмыз. Бұл - бірлік, тұрақтылық, келісім, өсіп-өркендеу және болашаққа ұмтылыс. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан Республикасы салыстырмалы түрде қысқа уақыт аралығында сыртқы саясат саласында елеулі жетістіктерге жетіп, халықаралық қоғамдастықтың беделді әрі жауапты мүшесіне айналды», - делінген құттықтауда.
Қазақстан құрылысшылары қауымдастығының мүшелері сайлаушылардың таңдауы халықтың өз Президентіне деген шексіз сүйіспеншілігі мен ғаламат сенімін көрсетіп отырғанына тоқталады.
«Сіздің арқаңызда Қазақстан танымастай өзгерді. Сіз елді даналықпен, байыпты әрі сенімді түрде тұрақтылық жолымен бастап келесіз. Жалғыз дұрыс жол - осы. Көрші елдерде саяси дағдарыс дендеп тұрған кезде тұрақтылық аса маңызды. Соның арқасында біздің еліміз бабаларымызға арман болған биіктерге қол жеткізді», - делінген құттықтауда.
«Қазмырыш» компаниясының мыңдаған адамдық ұжымы Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтаудың мүмкіндігі туғанына аса қуанышты екендерін айтады.
«Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының күрделі кезеңінде уақыт сынынан өткен Сіздің халықпен етене бірлігіңіз тамаша нәтижелерге жеткізді. Сіз қазақстандықтардың білім алуы, денсаулығы, рухани-адамгершілігі мәселелерін үнемі назарда ұстадыңыз. Қазақстан халқы Мәңгілік ел идеясының рухани қуатына сүйене отырып, әрі қарай ілгерілеуге және татулық пен қоғамдағы келісімді сақтауға деген ұмтылысын тағы дакөрсетті», - деп жазады автор.
«Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС жұмысшылары Мемлекет басшысын кезектен тыс сайлаудағы жарқын жеңісімен құттықтады. «Біз Сіздің жеңісіңіз Қазақстан дамуының жаңа кезеңін сипаттайтынына сенімдіміз», - деп жазады авторлар.
Алматы қаласындағы локомотив пайдалану депосының көпұлтты еңбек ұжымы өздерінің құттықтау хатында бүкіл тәуелсіздік жылдары бойы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүріп өткен жолдың қуатты және өркендеп келе жатқан мемлекетті құрудың жолы екеніне назар аударған.
Алматы қаласынан «Рахат» АҚ еңбек ұжымы Нұрсұлтан Назарбаевтың айқын жеңісі халықтың өз көшбасшысына қалтқысыз сенетінінің айғағы екенін айтқан.
«Дауыс беру қорытындылары сіз жүргізіп отырған саясатты жалпы халықтың қолдайтынын тағы да көрсетті. Біз еліміз Сіздің басшылығыңызбен кез келген қиындықты еңсеріп, бұдан да зор табысқа жететініне сенімдіміз», - делінген хатта.
«Modern Media Group» ЖШС өкілдері қазақстандықтардың таңдауы ұлттың, ел мен әлемдегі адамзаттың игілігіне бағытталғанын атап өткен.
«Мұндай тұтастық демократияның, адалдықтың, ашықтықтың әрі жаңа жеңістерге қатысты үлкен жауапкершіліктің жарқын үлгісі болып саналады. Халық өз Президентін жақсы көреді, оған бақыт, денсаулық, ұзақ ғұмыр, амандық тілейді. Қазақстанның жеңісті бағдары Сізбен бірге ғана мүмкін болады», - делінген хатта.
Х.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұжымы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды дамытуға баға жетпес үлес қосқанын, сол үшін де ел азаматтары президенттік сайлауда оған дауыс бергенін айтады.
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мемлекеттің білім беру саласын дамытуға айрықша көңіл бөліп отырғанын, соның арқасында оқу орындары айтарлықтай табыстарға жетіп жатқанын айтқан.
«Болашақта институционалдық реформаларды жүзеге асыру аясында елдің ғылымы мен білімі бұдан да жоғары деңгейге көтерілетініне сенімдіміз», - делінген құттықтауда.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұжымы мен студенттері Қазақстанның әлемге достық пен өзара түсіністіктің, тұтастық пен бірліктің отаны екенін тағы да танытқанына тоқталған.
«Біз Сізді президенттік сайлауда бірауыздан қолдадық, өйткені Қазақстанның жаңа биіктерге шығуын тек Сіздің есіміңізбен байланыстырамыз», - деп жазады авторлар.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы Қазақстанның тәуелсіздік жылдары әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда жеткен табыстарының бәрі Мемлекет басшысы қызметінің жемісі екеніне тоқталған.
Атырау мұнай және газ институтының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері өткен президенттік сайлау аға буымен мен жас буынға бірдей маңызды екенін, оның барысында Нұрсұлтан Назарбаевты халық бір ауыздан қолдағанын айтады.
А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің ұжымы Елбасының басшылығымен мемлекетіміз халықаралық аренада, экономикалық дамуда, республикадағы тұрақтылық пен бірлікті қамтамасыз етуде табысқа жеткенін атап айтқан.
«Евразия» халықаралық экономикалық академиясының өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық жол ел экономикасын дамудың жаңа белесіне алып шығарына сенім білдірген.
«Бүгінде біз болашаққа батыл жоспарлар құрып жатырмыз. Сіздің бүкілхалықтық мандатыңыз Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктерін нығайтып, оның әлеуеті мен интеграциялық рөлін әлемдік кеңістікте толықтай пайдалануға мүмкіндік береді», - деп жазады авторлар.
Орал және Ақтөбе архиепископы Антоний діни басқарманың және Орал епархиясының өкілдері атынан Нұрсұлтан Назарбаевты Президенттік лауазымға қайта сайлануымен құттықтап, мықты денсаулық тілеп, Қазақстанды табысты басқаруына ниеттестік білдірді.
Ардагерлердің республикалық ұйымының төрағасы Ө.Озғанбаев Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлаудағы жеңісі Мемлекет басшысының бірлікті, экономикалық тұрақтылық пен тыныштықты, ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтауға бағытталған саясатына берілген жоғары баға екенін айтады.
Мемлекет басшысына қолдау білдіріп, «Ғалымдар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері, Жаркент қаласынан Жамбыл атындағы орта мектептің ұжымы, Елбасының Алматы облысы Қарасай ауданындағы мұғалімдері мен сыныптастары да хат жолдаған.
Сондай-ақ Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, жазушы С.Досанов, Алматы қаласынан жазушы Ш.Кұмарова, Астана қаласынан Социалистік Еңбек Ері Б.Шүкірбеков, Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласынан «Абай» журналының бас редакторы М.Оспанов, Ұлттық ғылым академиясының академигі Б.Жұмағұлов, Шымкент университетінің профессоры Н.Өткелбаевтан да құттықтау хаттары келіп түсті.
Осындай жылы лебізді хаттар Шығыс Қазақстан облысы Шемонаих ауылынан тыл ардагерлері Никитинадан, Дрючинадан, Федоровадан және Бородинадан, Алматы облысы Жайнақ батыр ауылынан О.Байтоғаевтан, Қызылорда облысы Қазалы қаласынан З.Баймахановадан, Алматы қаласынан Ж.Дәрібаевадан, Астана қаласынан Н.Черпоковадан, Қарағанды қаласынан Б.Ахметов және Шымкент қаласынан О.Көшекбаевтан келді.