Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Алматылықтар: болашақтың сайлауы» деп аталатын дөңгелек үстел жиынында айтылды.
«Елбасын сайлау барлық елде де маңызы зор үлкен оқиға. Соңғы жылдары әлемнің көптеген елдерінде үлкен дау-дамайлар шығып жатыр. Оның негізінде осы мемлекеттердегі түрлі сайлауларда кезінде халықтың дауысының дұрыс саналмай, оған жеткілікті мән берілмей, дұрыс саясат жүргізбеу жатыр. Онда әрбір азамат өзінің жауапкершілігін көрсетуі керек», дейді экономика ғылымының докторы Рахман Алшанов.
Оның пайымдауынша, 3 сәуірде Қазақстанның сайлауда дауыс беруге құқы бар барлық азаматтары өз мүмкіндігін іске асырулары керек. Өйткені онда Президент қана емес, бүкіл бір елдің болашағы сайланады.