Біз дүниежүзілік инновациялық даму бәйгесіне қосылдық - ҚР Ғалымдар одағының президенті Оразалы Сәбден

АЛМАТЫ. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстандағы ғылым-білімнің көш басында келе жатқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті инновациялық дамуда да өзгелерге үлгі-өнеге көрсетуде.

Оны Экономика институтының директоры, экономика ғылымының докторы Оразалы Сәбден бүгін Алматыда өтіп жатқан «Егеменді Қазақстан: жетістіктері мен стратегиялық дамуының басым бағыттары» деп аталатын алқалы жиында айтты.

«Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына - 20 инновация» деп аталатын халықаралық форум аясында өтетін бұл шараның маңызы зор. Қазақстан ғалымдарының форумында Елбасы «100 инновациялық жобаны ҚР Үкіметінің алдына қойдым, оған атсалысыңдар», деген болатын. Енді инновациялық жаңалықта кім алда жүреді, кім үлкен жобалар жасайды сол мемлекет алға шығады. Біз дүниежүзілік инновациялық даму бәйгесіне қосылдық», - дейді Ұлттық инженерлік академияның академигі О. Сәбден. Оның айтуынша, инновация деген қарапайым тілмен айтқанда ғылымның қайталамайтын жаңалығын өндіріске енгізу. Абсолютті инновация бойынша Ядролық орталық Менделеев кестесіне жаңа элемент қосу үшін қондырғы жасады. Ол іске асса 2016-2017 жылдары өз нәтижесін береді деген тұжырым бар.