-Біз, Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту жөніндегі бастаманы қуаттайтынымызды мәлімдей отырып, қазақстандықтарды осы бастаманы қолдауға шақырамыз-, деп бастады сөзін А. Смайыл.
"Қазақ халқы, барша қазақстандықтар тағы бір тарихи өрлеу мен серпіліс кезеңінде тұр. Біз өзіміздің ел алдындағы, қоғам алдындағы жауапкершілігімізді толық сезіне отырып, республика барлық жағынан әлеммен үзеңгі қағыстырған тұста саяси және әлеуметтік зерделілік танытуға тиіспіз. Экономикасы қарыштап дамып, алдағы күндерге бүгінгіден де зор міндеттер қойып отырған және сол мұрат-мақсаттарды іскерлікпен шешуге кіріскен Қазақстанды қазіргіден де қуатты қарқынмен дамытудың бірден-бір кепілі - республикамыздың тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Халық бір ауыздан және ерекше жүрек жылуымен ұлт Көшбасшысы деп таныған аса көрнекті мемлекет қайраткері тарихи қысқа мерзімде жүзеге асырған саяси-экономикалық және әлеуметтік-мәдени шаралар республикамызды ТМД аясында ғана емес, Азиядағы қуатты мемлекеттің деңгейіне көтерді. Елбасы толық аумақтық тұтастықты сақтау арқылы тәуелсіз мемлекеттің іргесін нығайтты. Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық бірлікті қалыптастыру арқылы Қазақстанды ынтымағы жарасқан, достық атты теңдессіз құндылыққа сүттей ұйыған, тілегі де, жүрегі де бір ұлттардың сәулетті отанына айналдырды. Шетелдік инвестициялар мен ішкі даму қорларын ұлғайта отырып, ашық нарықтық экономикаға негізделген үдемелі қарқынды экономиканы өрістетті. ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті арқылы әлем Қазақстанды саяси зерделі ел ретінде таныды.
Біз ел Президентінің осынау тарихи тағдырлы жеңістерін зор алғыс сезімімен жоғары бағалаймыз және мақтан етеміз. Заманымыздың ұлы қайраткері ретінде Қазақстанды әлем төріне шығарғаны үшін, туған халқының дана перзенті ретінде ата жұртымыздың бағын жандырғаны үшін, әсем де айбынды Астанамен салтанатымызды асырғаны үшін мың да бір рахмет айтамыз.
Біз бірінші Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту жөніндегі бастаманы қызу қуаттаймыз. Кемелді бүгініміз үшін де, бүгіннен де сәулетті болуға лайық ертеңіміз үшін де қолдаймыз.
Қазақстандық патриотизмнің бүгінгі ұраны - Президент пен халықтың біртұтастығы. Біз қазіргі таңқаларлық жетістігімізді одан әрі баянды етуге ұмтылсақ, өзіміздің және келер ұрпақтың тағдырына сенімді болғымыз келсе, Қазақстанды Орта Азияның ғана емес, Еуразиялық ұланбайтақ кеңістіктің қуатты да беделді мемлекеті ретінде көруді қаласақ, ішкі бейбіт өмір мен ұлттық рухани гүлденуді таңдасақ, жаңа ХХІ ғасырдың төріне Елбасымен бірге қадам басуға тиіспіз. Бұл қазіргі зымыран уақыттың талабы. Бұл - өркендеген, талғампаз да зерделі халқымыздың талабы. Бұл - барды бағалай білген, асылын ардақтай алған көкірегі ояу барша азаматтың мұраты.
Біз қазақстандықтарды ұдайы өркендеу мен дамудың таңдауы болған осынау мұратты қолдауға шықарамыз», - деді А. Смайыл.
Депутат Алдан Смайылдың пікірін қолдап, әріптестері: Сатыбалды Ибрагимов, Ержан Исақұлов, Амангелді Момышев, Динар Нөкетаева, Нұртай Сабильянов, Бекболат Тілеухан, Нұрлан Өнербай, Гүлнәр Сейітмағанбетова, Гүлмира Исімбаева, Жексенбай Дүйсебаев Майра Айсина қолдарын қойған.