Біз ешбір діни бірлестікке басымдық беріп отырған жоқпыз - Қ. Лама Шариф

АСТАНА.  27 қыркүйек. ҚазАқпарат - Біз ешқандай діни бірлестікке басымдық беріп отырған жоқпыз.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімді ратификациялау туралы» талқылау барысында Дін істері агенттігі төрағасы Қайрат Лама Шариф осылай мәлім етті.

Талқылау барысында сенатор Икрам Адырбеков елімізде бұған дейін қабылданған діни бірлестіктер туралы заңға аталған келісімнің қайшы  келетіні туралы пікірлер айтылатынын еске сала келе, «бір дінді немесе оның бірлестіктерін ерекше жағдайға қоймас үшін және осы келісімшартты келісі жылы мерзімі біткен соң қайта қарау керек емес пе?» деген сауал қойды.

Соған орай Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф қабылданған жаңа заңда Қазақстанда барлық діндер мен діни бірлестіктердің заң алдында бәрі бірдей екендігі көрсетілгенін атап өтті.

«Бұл келісімді қабылдау ондай қағидаттарға қайшы емес. Дегенмен, бұл келісім 1998 жылы, яғни 14 жыл бұрын қабылданған еді. Құжатқа сәйкес, ол алғашқы он жылдан, содан кейінгі бес жылдан кейін өзгерістер енгізуге жататын. Соған орай, келесі бесжылдық мерзім 2013 жылы басталады. Сол тұста Қазақстан тарапы келісімді қазіргі заң талаптарына сәйкес жетілдіру, толықтыру, өзгерістер енгізу туралы жұмыс жасайды деп сенемін», - дейді Қ. Лама Шариф.

Бұдан бөлек, агенттік төрағасы заң нормасына сәйкес, діни бірлестіктердің барлығына қойылар талап бірдей екенін жеткізді. «Олардың біріне артықшылық жасап, екіншісін көтеріп жатқан жоқпыз», - деді Қ. Лама Шариф.