Біз ешнәрсені жасырып жаппай, ашық жағдайда кез келген мемлекеттік тілдің болашағына жаны ашитын азаматтармен оны талқылауға әзірміз -Мұхтар Құл-Мұхаммед

АЛМАТЫ. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Елбасының жүргізіп отырған тіл саясатының арқасында тәуелсіздік жылдарында қазақ тілі бұрын-соңды болмаған биікке көтерілді.

Бұл туралы кеше, Алматыда тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Егер біз бір кездері ұлттың ұлы трагедиясы ретінде 600 мектептің жабылғанын жиі ауызға алатын болсақ, тек қана тәуелсіздіктің 18 жылында 880-нен астам мектеп ашылды. Мұның бәрі ұлт руханиятының ұлы жеңісі деп айтуға болады. Қазақ тіліндегі басылымдардың таралымы, қазақ тіліндегі кітаптардың саны жыл сайын артып келе жатыр. Қазақ тілін дамытуға Елбасы тарапынан барлық жағдай жасалған. Сонымен бірге біз көпұлтты мемлекет болғаннан кейін басқа тілдердің дамуына да назар аударуымыз керек. Бүгінгі отырыс осы бір өзекті мәселелерге арналды. Біз ешнәрсені жасырып жаппай, ашық жағдайда кез келген мемлекеттік тілдің болашағына жаны ашитын азаматтармен оны талқылауға әзірміз", деді басқосуда Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Жарыссөзге қатысқан 17 адамның сөздерін мұқият тыңдап, ұсыныстарын жазып алғанын айтқан Мұхтар Абрарұлы, бағдарлама қабылданғанша тағы екі кездесу өткізгісі келетінін жеткізді. Оның алғашқысы бағдарлама жобасын әзірлеу жұмысының орта шенінде, ал екіншісі соңына таман өтпек. «Сол кезде бүгінгі басқосуда айтылған сұрақтарға толық жауап берілетін болады».