Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан "Ықпалдастық пен қайта құру үрдісіндегі Орталық Азия мен Еуропа тарихының концептуалдық мәселелері" деп аталатын халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Қазақстан мен Германия арасындағы 20-шы ғасырдың алғашқы жартысында басталған ынтымақтастық қарым-қатынас тәуелсіздіктен кейін бұрынғыдан бетер нығайды. Оған Сталин заманында Еділ бойынан Қазақстанға көшірілген 1 миллиондай немістің біздің қазақтармен бірдей тағдырда болуы өз септігін тигізді. Ал Қазақстан Президентінің Германияға сапары кезінде екі елдің арасында ұзақ мерзімдік достық келісімнің жасалуы соның нақты айғағы", дейді тарих ғылымының докторы Серік Мәшімбаев. Қазақтың әл- Фараби атындағы ұлттық университеті профессорының айтуынша, қазір екі елдің арасындағы тарихи ақтаңдақтардың орны толтырылуда. Германияның Қазақстанға салған инвестициясының көлемі былтыр 5 миллиард долларға жуықтады. Қазір ол инвестициясының көлемі жағынан АҚШ пен Ұлыбританиядан кейінгі үшінші орында келе жатыр. Еуропалық Одақ пен ЕҚЫҰ-ның ең алғашқы мүшелерінің бірі саналатын Германиямен арадағы стратегиялық серіктестік қарым-қатынас арқылы Қазақстан бүгінгі таңда Еуропа мен Азияның арасына көпір салып отыр.