Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Сергей Погодин болды. Ол ҚазАқпарат тілшісіне өз ой-толғамын былайша әңгімелеп берді.
- Аталмыш жиында төрткүл дүниеге танымал ақын Олжас Сүлейменов, «Халық қаһарманы» Бақытжан Ертаев сынды ел қадірлейтін азаматтармен қатар сөз алғаныма қуаныштымын, - деп бастады сөзін С. Погодин. - Мұндай ортада сөз сөйлеудің қаншалықты қиын екендігін білемін. Қағазға жазып алғаным да бар еді. Бірақ Елбасына деген лебіз жүрегімнен өз-өзінен төгіліп жүре берді. Мен алдымен Қазақстандағы орыс халқының өкілі ретінде қазақстандық қандастарымның өзіміз сайлаған Президентіміздің дана да сарабдал саясатын осыған дейін де, бұдан кейін де қолдай беретіндігін айттым.
Қазіргі әлем қайшылыққа толы. Айналада, атап айтқанда, Таулы Карабақта, Приднестровьеде, Грузия мен Қырғызстанда ұлтаралық және дінаралық қақтығыстар болып жатқан кезеңде Қазақстан бейбітшілік пен келісім, достық пен татулық салтанат құрған арал секілді. Бұл ретте Президенттің бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы, сан ұлт өкілдерінің мінбесі, оның келісім комиссиясы аса маңызды роль атқарады. ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен айдарлы жылда Қазақ елінің көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен сенім, дәстүр, ашықтық, төзімділік ұғымдары әлдеқашан көп ұлтты еліміздің өмірімен біте қайнасып кетті.
Қазіргі таңда біраз көшіп-қонудан кейін қазақстандық орыстардың жаңа қауымдастығы қалыптасты деп айтуға болады. Біз Қазақстанды өз Отанымыз деп білеміз, сондықтан ортақ үйімізде шын ықылас-пейілімізбен еңбек етудеміз, мұның игілігін күні ертең өз ұрпақтарымыз сезінетін болады. Біз Президентіміздің 2002 жылды Қазақстандағы Ресей жылы, ал 2004 жылды А.С.Пушкин жылы деп жариялап, Ресей Федерациясымен мәңгілік достық пен өзара көмек туралы келісімге қол қойғанына тәнтіміз. Біз Елбасымыздың өзі жетік білетін орыс тілін ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде құрметтейтініне ризамыз. Аса маңызды форум-жиындарда сөзінің бір бөлігін орыс тілінде жеткізетінін күллі әлем біледі. Біз Елбасымызға Құрбан айт секілді орыстар үшін қасиетті мейрам Рождествоны демалыс күні еткені үшін шексіз ризашылығымызды білдіреміз.
2011 жыл Қазақстан үшін айрықша жыл болғалы тұр. Өйткені бұл жылы бүкіл республика халқы үшін қастерлі Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы аталып өтіледі. Осы жылдар ішінде әлеуметтік-экономикалық және мәдени салада қол жеткізген ұланғайыр табыстарымызды біз Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының есімімен байланыстырамыз. Ел деп тыным таппаған Елбасымыздың орасан зор күш-жігері арқасында Қазақстанда соңғы жылдары тиімді саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде Президентіміз әлемдік деңгейдегі тарихи қайраткерлермен иық тірестіре алатын бірегей тұлғаға айналды. Н. Назарбаев Бірінші Петр патша секілді бүкіл қазақстандықтардың мақтанышына айналған көрікті Астананы тұрғызды. Абрахам Линкольн сияқты қиын кезеңде ел тәуелсіздігін сақтай біліп, Томас Джефферсондай егемен Қазақстанның жаңа Ата заңын жасап, қабылдады.
Біздің бәріміз үшін Президент өзі сөзін жазысқан Әнұранымыз секілді мемлекеттік қастерлі ұғымдармен астасып жатыр. Біз үшін Елбасы белгілеп, БҰҰ мойындаған мызғымас шекарамыз, ұлттық валютамыз, Семей полигоны тәрізді ядролық аждаһадан құтылғанымыз да сондай маңызды. Қазақстан табыстары арқасында Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы кеңес кеңістігінде қадір тұтатын тұлғаға айналды. Астанада үш дүркін әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің, экономикалық, діни келісім форумдарының және түптеп келгенде ЕҚЫҰ Саммитінің өткізілуі Қазақстан мен Елбасымыздың беделі биік, алған асуы асқақ екендігін көрсетеді. ЕҚЫҰ жиынының он бір жылдық үзілістен кейін тұңғыш рет Азия елінде, ғажайып Астанада ұйымдастырылуы ұйым көкжиегін кеңейте білген Елбасының тікелей еңбегі екені даусыз. Осымен Нұрсұлтан Назарбаев өзі бірнеше рет көтерген еуразиялық идеядан айнымайтынын дәлелдеді. Біздің Президентіміз ТМД елдері басшылары кездесулеріне, Шанхай ынтымақтастығы ұйымының, Кеден одағының және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының басқосуларына ұдайы белсене араласып келеді.
Ел дамуын белгілеп берген 2020 жылға дейінгі бағдарлама мен 2030 жылға дейінгі стратегияның авторы Н.Ә.Назарбаев екені белгілі. Ендеше, өзі жоспарлаған, бастаған істі аяғына дейін өзі жеткізгені ләзім.
Қазіргідей әлемдік дағдарыс кезінде техникалық үрдістерді жедел дамытып, ғылымға негізделген өндіріс құрып, дүниежүзілік деңгейге жеткізу үшін халқымызға тыныш та қалыпты жағдай керек. Мұндай жағдайда биліктің ауыспағаны тиімді, реформалар жүргізіліп жатқан елді шебер басқара алатын ұсынықты қол қажет. Сондықтан қай жағынан алғанда да, бұған өз Отанын шексіз сүйетін, Қазақстан халқының игілігі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Нұрсұлтан Назарбаев толық сай келеді. Біздің көшбасшымыздың бойында терең де жан-жақты біліктілік, күшті қуат, қазақ халқының ғасырлық ақыл-ойы, көп жылғы тәжірибе, мемлекет басшысына қандай қасиет керек болса, соның бәрі бар.
«Біз өткізілуі көзделіп отырған референдум нәтижесінде көп ұлтты халқымыздың Президентті қолдайтынына сенеміз. Осы тұрғыдан алғанда, 2012 жылы кезекті сайлау өткізу қажет те емес. Ол сайлауда бәрібір Елбасымыз сөзсіз жеңіп шығар еді. Бірақ сайлаудың қоғамды алаңдатып, қажетсіз шығындарды көбейтетіні белгілі. Ең бастысы, ол ұлттық татулық пен тұрақтылық кемесін теңселтпесе дейміз. Мұны батысқазақстандықтар да жақсы түсінеді. Сондықтан «Халық пен Елбасы - біртұтас» ұраны аясында Ұлт көшбасшысының төңірегіне топтаса білуіміз керек. Бұл біздің ертеңіміз үшін, Қазақстанның одан әрі дамып, гүлденуі үшін қажет», - деп түйіндеді ойын С.Погодин.