Біз Қазақстанда туып, құт қонған осы елде тұрып жатқанымызды мақтан тұтамыз!- Қызылорда облыстық неміс ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Ирина Шек

ЫЛОРДА. 3 қараша. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - 20 қазанда Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVI сессиясына Қызылорда облысынан да делегация қатысты. Қызылорда облыстық неміс ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Ирина Шек Қазақ ақпарат агенттігінің өңірдегі тілшісімен алқалы басқосудан алған әсерлерімен бөлісті.

- Астанада «Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік» деген тақырыппен өткен Ассамблеяның кезекті сессиясының барысында Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев алдымызға бірқатар жаңа міндеттерді қойды. Биыл құрылғанына 15 жыл толған Ассамблеяның жиынында Мемлекет басшысының жасаған баяндамасы бәріміздің көңілімізден шығып қана қойған жоқ, сонымен бірге ол келешекте біз атқаратын жұмыстардың бағыттарын айқындап берді. Осы орайда Қазақстан немістері қоғамдық бірлестігі қауымдастығының төрағасы Александр Дедерердің сөзіне тоқталғым келеді. Себебі, Ассамблеяда оның айтқан ойлары Қазақстанда тұратын күллі неміс диаспорасының ортақ ойын жеткізген тұжырым болды. А. Дедерер өз сөзінде Қазақстанда құрылып, жұмыс жасап жатқан Ассамблеяның қызметі әлем елдерінің қызығушылығын тудырып отырғанын айта келе, бүгінде барша қазақстандықтардың мемлекеттік тілді үйренетін уақыты жеткенін баса айтты. Сонымен қатар келер жылы қазақстандықтар үшін мерейлі мереке - Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойы келе жатқанын, ол айтулы оқиғаны лайықты атап өту үшін арнайы іс- шаралар жоспарын жасап, дайындықты осы бастан бастауымыз керектігіне тоқталды.

Ассамблеяда қозғалған тақырыптардың бірі - төзімділік. Осы тұста мынаны баса айтқым келеді: төзімділік еліміздің жастары ортадан асқан азаматтарының қанына сіңген қасиет. Жастарға үлгі-өнеге көрсету үшін, біз бойымыздағы бұл қасиетті келешекте де жоғалтпауымыз керек, ал жас ұрпақты төзімділікке тәрбиелеуді мектеп жасынан бастаған дұрыс.

Елбасымыз атап көрсеткеніндей, келісім мен бірліктің қандай да бір этносқа қатыстылығына қарамастан, оны әрбір қазақстандықтың сақтағаны абзал. Өйткені, біздің ортақ Отанымыз - Қазақстанның мызғымай тұруы осы келісім мен бірлікке тығыз байланысты. Біз ТМД елдерінің бірқатарында болып жатқан этносаралық алауыздықтардың өзімізде қайталанбауын қалаймыз. Бізді көршіміз - Қырғызстандағы жағдай алаңдатады. Оның арғы жағындағы тәжік жерінде ара-тұра бұрқ етіп қалатын қарсылық акциялары түн ұйқымызды шайдай ашады. Осы ретте алдағы желтоқсан айының 1-2-сі күндері елордамыз Астана өтетін ЕҚЫҰ Саммитінің қорытындыларынан көп жақсы жаңалық күтеміз.

Ассамблеяның бұл сессиясында қазақстандық патриотизм жайлы көп айтылды. Елбасы айтқандай, шынайы патриотизм дауыс көтере сөй­­леген сөздерден емес, нақты істер мен жауапты қимыл-әрекеттерден көрінуі керек. Біз бұл тұжырымды құптаймыз. Біздің көп ұлтты еліміздің даму келешегі патриотизм арқылы жасалуы тиіс. Осы орайда Ассамблея мүшелері бүгінге дейін жеткен жетістіктеріміздің жақсы насихатшысы бола білуі тиіс.

Біз Ассамблеяның сессиясында алдымызға қойылған барлық міндеттер орындалуы тиіс деп есептейміз. Соның ішінде «мемлекеттік тілді білу әрбір Қазақстан азаматының борышы» деген қағидамен өз басым келісемін. Жасыратыны жоқ, еліміздің басқа аймақтарына қарағанда Қызылорда облысының жағдайында қазақ тілін үйрену біршама жеңілірек. Олай болатыны, бұл аймақтағы жергілікті халықтың үлес-салмағы ежелден көп. Мен өзім Қарағанды облысында туып-өскенмін. Кеншілер қаласында оқып жүргенімде өзімнің болашақ өмірлік серігім - Қызылорданың тумасымен таныстым. Ұлты корей ол туған жерінің нағыз патриоты болып шықты. Сол себепті, оқу бітірген соң Қарағандыда қалуға мүмкіндігі бола тұрса да, ол жерде аялдамай, жанына мені ертіп, Сыр еліне тартты.

Бүгінде менің қызылордалық атанғаныма да жиырма жылдың жүзі болып қалыпты. Осында дүние есігін ашқан қыздарым неміс, орыс тілдерімен қатар мемлекеттік тіл - қазақ тілін де жақсы біледі. Олардың жергілікті, мемлекет құраушы ұлттың тілін біліп өсулеріне жастайларынан өзіміз бағыт сілтедік. Балалардың өздері де осыған бейім болды. Менің өзім де сайрай жөнелмегеніммен, мемлекеттік тілді түсініп қана қоймай, кейбір ойларымды жеткізе аламын. Біз, корей-неміс ұлттарынан құралған Шек отбасының мүшелері Қазақстанда туып, құт қонған осы елде тұрып, осы жерде өсіп-өніп жатқанымызды мақтан тұтамыз!