Бүгін Астанада «Қазақстан Республикасындағы оралмандар, азаматтығы жоқ адамдар мен босқындар құқықтарының ахуалы туралы» арнайы баяндаманы таныстыру рәсімінде сөз сөйлеген БҰҰ Орталық Азия бойынша Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының аймақтық өкілі Сабер Азам осылай айтты.
«Біз адам құқықтары саласындағы ахуалды жақсартып, тиісті заңнаманы жетілдірудегі қазақстандық комиссияның қызметін жан-жақты зерделейміз. Осы орайда комиссия мүшелері әзірлеген «Қазақстан Республикасындағы оралмандар, азаматтығы жоқ адамдар мен босқындар құқықтарының ахуалы туралы» арнайы баяндаманы ерекше атап өткен жөн. Онда аса өзекті мәселелер көтеріледі. Әрине, оралмандар мәселесі БҰҰ Орталық Азия бойынша Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының құзіретіне жатпаса да, біз Қазақстанның репатрианттарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасын әлі де жетілдіру қажет деп санаймыз», - деп атап көрсетті С.Азам.
Сондай-ақ Жоғарғы комиссардың аймақтық өкілі Қазақстанның азаматтығы жоқ адамдар мен босқындар мәселесіне қатысты ұсыныстарына жоғары баға берді. «Иә, азаматтығы жоқ адамдардың санын анықтау мақсатында арнайы науқан өткізіп, оларға азаматтықты беру ниеті, бұл - құптарлық іс. Осындай жағдайды босқындарға да жасап, олардың қазақстандық қоғамға сіңісуіне жәрдемдесу бастамасын біз толықтай қолдаймыз. Осы ұсыныстардың бәрі ескеріледі деп сенемін», - дейді С.Азам.